ДИКТОР: Ақмола облысындағы ішкі туризм жылдан жылға қарқын алып келеді. Тұрғындардың басым бөлігі үйлеріне жақын жерде белсенді демалғанды жөн көреді. Сондай бағыттың бірі Көкшетау маңындағы тау- шаңғы кешені.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қазіргі уақытта тау бөктерінде шаңғы тебу тек жай ғана спорт түрі емес, сонымен қатар ұзақ сапарға шығудың қолжетімді балама түрі. Облыс орталығынан қол созым жерде әдемі кешен бар. Ол жерде шаңғы тебуді енді ғана үйреніп жүргендермен қатар кәсіби спортшыларды да кезіктіруге болады. Орналасқан жері ыңғайлы болғандықтан, ұзақ жолға уақыт кетірмей-ақ, 1 күнге келуге де болады.
СНХ: ҚАНАТ ҚАБДУЛЛИН, ТАУ-ШАҢҒЫ КЕШЕНІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Таудың ұзындығы 1200 метр. Шаңғы тебуді енді үйренетіндерге 1-ден 4-ші жолаққа дейін, ал орташа деңгейдегілерге 4-тен 7-ге дейін, ал кәсіби шаңғышыларға 8, 9 және 10-шы жолақтар бар. Бағаларға келсек, арқан жол сағатына адам басына 8 мың теңге. Сондай-ақ қосымша жабдықтарды да жалға алуға болады. Мәселен, шаңғы – 7, сноуборд - 8 мың теңге. Біз адамдардың қауіпсіздігі үшін міндетті түрде дулыға мен қорғаныс көзілдірігін киюді ұсынамыз. Арнайы костюм кию міндетті емес. Нұсқаушылар да жұмыс істейді.
РКС: Кешеннің аумағында арнайы жабдықтарды жалға алатын жер жұмыс істейді. Ал нұсқаушылар шаңғы немесе сноубордтты алғаш рет меңгеруді қолға алғандарға дұрыс нұсқау беріп, жәрдемдеседі. Демалыстың бұл түрін отбасылар мен жастар көбірек таңдап отыр.
СНХ: КАРИНА, ДЕМАЛУШЫ: Мен отбасыммен және достарыммен келдім. Шамамен 20 адамбыз. Біз алғаш рет сноуборд пен шаңғы теуіп жатырмыз. Мысалы, мен бүгін сноубордтан бастап, шаңғы тебумен аяқтадым. Табиғаты өте керемет. Ауа райы да тамаша. Қонақ үйге жайғастық. Бәрі тамаша. Мұнда балалармен де, ересектермен де уақытты тиімді, әрі қызықты өткізуге жағдай қарастырылған.
СНХ: ЕРНАТ, ДЕМАЛУШЫ: Мен Астана қаласынан келдім. Бұл жерге бұрын-соңды келіп көрмеппін. Сноубордқа да алғаш рет мінуім. Әрине, қиын болды. Бірақ керемет әсер алдым.
РКС: Шаһар маңындағы тау-шаңғы кешені аймақтағы ішкі туризм дамуының бір бөлшегіне айналып отыр. Бағасы қолжетімді, жолдардың алуандығы мен қалаға жақын орналасуы демалыстың бұл түрін танымал ете түсуде. Сондықтан, белсенді уақыт өткізіп, ұмытылмас әсер алу үшін шет ел асудың қажеті жоқ.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ