ДИКТОР: Бүгінде экотуризм Ақмола облысының туристік саясатының басым бағытының біріне айналған. Мұнда бірегей табиғи ландшафттар, қалың орман алқаптары мен көлдер шоғырланған. Сондай-ақ мемлекеттік ұлттық 3 табиғи парк пен бір қорық орналасқан. Олардың ересектер арасында экотуризмді дамытуға қосып отырған үлесі орасан. Десе де балалар туризмі әлі де жеткілікті деңгейде қамтылған жоқ. Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
РКС: Экотуризм табиғатқа зиян келтірмей, жергілікті экожүйелер мен биоәртүрлілікті сақтап, халықтың табиғатқа деген құрметін арттыруға бағытталған. Көкшетауда экотуризмді дамыту әлеуеті зор. Биыл шаһарда Жаңа Жағалау қолданысқа беріліп, тұрғындар мен қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Алдағы уақытта оны Сарыарқа шағын ауданына дейін кеңейту жоспарланып отыр. Облыс орталығында бірнеше шолу алаңдары да орнатылды. Болашақта Жаңа Жағалау аумағында яхта-клуб ашылып, желкенді қайықтар мен катамарандар іске қосылмақшы. Көкшетаудан бөлек, облыстың өзге аймақтарында да экотуризм қарқынды дамып келеді.
СНХ: ШЫНАРБЕК БАТЫРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ ДЕМАЛЫС ИНДУСТРИЯСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Экотуризм жөнінде айта кетсек, бізде біраз мүмкіншіліктер бар. Мысалы жазғы кезде Бурабай аймағына 1 млн турист келеді десек, оның 70 %-і сол экотуризммен байланысты. Экотуризм енді кәдімгідей жаяу жүріп, ұйымдастырылған туризм деп саналады ғой. Экотуризм көбірек дамысын деп өткен жылы 1 емес, 8 жаңадан салынған байқау алаңдары ашылды. Қазіргі кезде экотуризмге өте үлкен мән беріліп жатыр. Құрылтай кезінде біздің Президентіміз Ақмола облысына көңіл бөлді, Қазақстанның туризмі былай тұрсын, көптеген мынау Ақмола облысы, одан кейін өзіміздің біріншісі сол Бурабайдың дамуына көп қолдау көрсетті.
РКС: Өңірде балалар туризмін дамыту бағытында да нақты шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ, ол әлі де тиісті нәтиже бере қойған жоқ. Балалар лагерінің біразы ескірген. Лицензиялау мәселесі бойынша заң қабылданғанымен, оның қаралуы сәуірге дейін шегерілді. Сонымен қатар, жолдамалар бағасының қымбаттығы мен қосалқы құн салығының енгізілуі салаға салмақ түсіруде. Дегенмен, демалыс орындарына ерекше қауіпсіздік талаптары енгізіліп жатыр. Оған полиция және антитеррорлық қауіпсіздік шаралары кіреді, аймақтың аумағы қоршалуы тиіс. Бейнекамералар орнатылып, орталық бақылау жүйесіне қосылуы қажет. Дабыл түймелері мен күзет компанияларының қызмет көрсетуі міндеттеледі.
СНХ: ҚАЙРАТ СҰЛТАНОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТУРИЗМІ МЕН ДЕМАЛЫСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Мемлекет басшысының тапсырмасымен әр өңірде арнайы комиссия құрылып, курортты аймақтардың даму барысы жан-жақты зерделенді. Бұл жұмыстарға Президент Әкімшілігі тарапынан орталықтандырылған комиссиялар қатысып, оның ішінде Ақмола облысының Зеренді ауданында да тексерулер жүргізілді. Өзге облыстармен салыстырғанда біздің өңірде жағдай тұрақты болғанымен, шешімін күткен мәселе әлі де бар. Облыс әкімінің тапсырмасымен Қотыркөл аумағындағы балалар туризмі нысандарына арнайы тексеру жүргізілді. Бұл аумақта 7 балалар лагері жұмыс істемей тұр. Егер соның бәрі іске қосылса, 600-ден астам адам жұмыспен қамтылып, шамамен 30 мың баланы демалыспен қамти аламыз.
РКС: Табиғатқа ұқыпты қарау мен инфрақұрылымды дамыту қатар жүрсе, экологиялық туризм өңір экономикасына да, келер ұрпақ тәрбиесіне де оң әсерін тигізеді,- дейді мамандар.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ