ДИКТОР: Бүгін - Ұлттық басылым күні. Ақпарат айдынында адалдық пен жауапкершілікті ту еткен қалам иелері үшін бұл күннің орны бөлек. 1913 жылы дәл осы күні Алаштың үніне айналған «Қазақ» газеті жарық көріп, ұлттық баспасөздің берік іргетасын қалады. Бүгінде елімізде 5 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Соның 4 мыңға жуығы – мерзімді басылымдар. Ұлт руханиятын қалыптастырып, қоғам санасын сергек ұстауда айрықша рөл атқарып келе жатқан баспасөз туралы тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Аға буын қалдырған сара жолды бүгінде заманауи басылымдар лайықты жалғастырып келеді. Аймақта 73 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелсе, оның 52-сі - баспасөз басылымдары. Солардың бірі - ғасырлық тарихы бар облыстық «Арқа ажары» газеті. Басылымның бастауы 1917 жылы жарық көрген «Тіршілік» газетінен тамыр тартады. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Сәкен Сейфуллин бастаған Алаш зиялылары негізін қалаған бұл газет бүгінде де ел сөзін сөйлеп, халық игілігі үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді.

СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, «АҚМОЛА-ТІРШІЛІК» МЕДИА СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ахмет Байтұрсыновтың қазақ баспасөзі, газет ол халықтың көзі, һәм құлағы деген, үні деген сөзі бар. Ол дегеніміз газеттердің, баспасөздің қоғамдағы ролі, қоғамда пікір қалыптастырудағы, көзқарас, елдің жүргізіп жатқан саясатын насихаттаудағы газеттердің ролі ерекше. Газеттерде қате жіберуге оған біз жол жібермейміз. Ол біздің басты міндетіміз. Журналистиканың өзінің этикасы бар, баспасөз жөніндегі заң бар. Ең бірінші, Конституция бар. Осыны біз қатты сақтап отырамыз. Газетке шыққан, басылған дүние ол тасқа қашалып жазылған дүниемен бірдей. Біздің бір ерекшелігіміз - осы.

РКС: Қазақ баспасөзінің сан ғасырлық шежіресінде бұл күннің орны ерекше. Себебі дәл осы күні Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт зиялыларының мұрасымен тығыз байланысты «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Аласапыран кезеңде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған басылым халық санасын оятуға бар күшін салды.

СНХ: АМАНАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Газет ол кезде өте керемет саяси құрал ғой. Жалпы саны 266 нөмір шыққан екен. Халықтың арасындағы саяси рухты, саяси санаы оятуда өте үлкен роль атқарды. Себеі осы газеттің бетінде ылғи маңызды, халқымызға маңызды, білім, ғылым, ұлттық рух, тарих, салт дәстүр, елдің рухын көтеретін мақалалар шығып тұрды. «Қазақ» газетінің тұңғыш басылым ретінде ролі өте үлкен. «Қазақ» газетінің салып кеткен кешегі сара жолы, тәуелсіздіктің негізі, тамыры, осы газетте қаланды дейміз. Сол газет арқылы халық оянды. Санасы оянды.

РКС: Бүгінде заман өзгеріп, ақпарат кеңістігі кеңейсе де, газеттің қоғамдағы маңызы еш кеміген жоқ. Ғаламтор мен әлеуметтік желі үстемдік еткен дәуірде де баспасөз - ақпаратты сүзгіден өткізіп, салмақты талдау жасайтын сенімді дереккөз болып қала береді. Цифрлық технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдаланған ұлттық баспасөз жаңа форматта жаңғырып, өз аудиториясын кеңейтіп келеді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ