ДИКТОР: Еліміздің урология және онкоурология саласының жетекші мамандары өз тәжірибелерімен бөлісу мақсатында Көкшетауда өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға екі күрделі операция бойынша шеберлік сағаттары көрсетіліп, озық тәжірибелер көрсетілді. Сонымен қатар, шараның маңызды нәтижесі ретінде қалалық көпсалалы ауруханасында 14 орындық заманауи урология бөлімі ашылды.

РКС: Соңғы жылдары Қазақстан урология саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Былтыр елімізде 42 мыңнан астам қатерлі ісік ауруының жаңа түрі тіркеліп, бұл соңғы бес жылдағы орташа жылдық көрсеткіштен 7,8процентке жоғары болды. Науқастар санының өсуі, ең алдымен, диагностиканың жақсаруы мен заманауи тексеру әдістерінің қолжетімділігінің нәтижесі.

СНХ:ЕРЛАН ЕҢСЕБАЕВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Қазақстандағы урология саласы соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келеді. Біздің өңірде жиі кездесетін және тез өршитін аурулар - простата безінің қатерлі ісігі, қуық обыры, сондай-ақ простата безінің аденомасы - бүгінде әлемдік стандарттарға сай заманауи әдістермен тиімді түрде емделуде. Мысалы, лапароскопиялық радикалды простатэктомия науқасты рак простатадан түбегейлі құтқаруға мүмкіндік береді.

РКС: Мамандар өз өңірлері мен қалаларындағы урологиялық жағдаймен бөлісті. Сондай-ақ, олар клиникалық жағдайлар туралы ақпараттармен де таныстырды.

СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл урологиялық және онкоурологиялық науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды ғылыми-тәжірибелік конференция. Осындай жоғары деңгейдегі кездесулер дәрігерлеріміздің кәсіби біліктілігін шыңдап, халықаралық стандарттарды тәжірибеге енгізуге, ең бастысы – тұрғындардың денсаулығын нығайтуға жол ашады.

РКС: Қалалық көпсалалы ауруханасында екі күрделі операция сәтті жүзеге асырылды. Соның бірі – бүйрек ісігін лапороскопиялық әдіспен резекциялау. Операция кезінде Қазақстан онкоурологтар қауымдастығының төрағасы Хусан Умурзаков пен облыстық көпсалалы ауруханасының онкоуролог дәрігері Рауан Нұрғалиев тікелей эфир арқылы әріптестеріне өз тәжірибелерін көрсетіп, кәсіби білімімен бөлісті.

СНХ: ХУСАН УМУРЗАКОВ, ОНКОУРОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: (АЛМАТЫ): Бүгінгі операцияға арналған шеберлік сағаты барысында науқастың оң жақ бүйрегінде шағын көлемдегі түзіліс анықталды. Біз ағзаны сақтауға бағытталған, яғни бүйректің парциалды резекциясын жасауды жоспарлап отырмыз. Ота толықтай лапароскопиялық әдіспен, шағын тіліктер арқылы жүзеге асырылады. Соның арқасында науқасты екінші не үшінші тәулікте-ақ үйіне шығаруға мүмкіндік бар.

РКС: Жаңа урология бөлімшесінің ашылуы өңір медицинасы үшін маңызды. 14 төсек-орындық бөлімше заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылып, ауруларды ерте анықтаумен қатар, жоғары күрделіліктегі операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Соңғы екі жылда қалалық көпсалалы ауруханада шамамен 600 ақмолалық ем қабылдап, хирургиялық көмекке жүгінген. Мамандар аталған медициналық мекеменің урология бөлімшесі емдеу сапасы мен нәтижелілігі бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін айтады.

СНХ: СӘКЕН ҚАЛЫМЖАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биыл нақты уақыт режимінде рентгендік бақылау жүргізіп, операция жасауға мүмкіндік беретін С-доға аппараты сатып алынды. Сонымен қатар, операциялық үстелдер мен хирургиялық шамдар да жаңартылды. Бұрын бүйрек тасы, простата аденомасы және өзге де урологиялық патологиялары бар науқастар Астана мен Алматыдағы республикалық клиникаларға жолданатын. Қазір олар барлық қажетті тексеруден өтіп, жоғары технологиялық операциялар мен емді осы жерде ала алады.

РКС: Айта кетейік, соңғы үш жыл ішінде Көкшетауда Астана қаласынан келген жетекші мамандардың қатысуымен 17 шеберлік сағаты өткізілді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ