ДИКТОР: Еркін Әуелбеков – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, халқының құрметіне бөленген қоғам қайраткері. 10 жылға жуық Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Торғай даласы мен Сыр өңірінің өркендеуіне де зор үлес қосты. Бүгін нар тұлғаның дүниеден озғанына 27 жыл толып отыр. Осыған орай қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері ел ағасына орнатылған еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қайраткер рухына тағзым етті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Шараға қатысушылардың басым бөлігі Еркін Әуелбековты көзі көрген, онымен бір кезеңде иық тіресе қызмет атқарған зиялы қауым өкілдері. Жиналған жұрт көрнекті қайраткердің адамгершілік болмысы мен елге сіңірген ерен еңбегі жайында естеліктерімен бөлісіп, тағылымды ойларын ортаға салды.
СНХ: ДОСЫМХАН АРАЛБАЕВ, «КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Еркін Нұржанұлы Әуелбеков ағамыз мен үшін Дінмұхаммед Қонаевпен, Ташенов Жұмабекпен қатар тұратын тұлға. Бұл кісілерді осы елімізде Совет Одағы уақытында қызмет істеп жүрген кезінде, жас кезімде сол кісілердің еңбектері туралы газеттерден, журналдардын көп оқитынмын. Әрине халық айтып жүр, ол кісінің істеген еңбегі осы Көкшетау облысы болсын, Торғай облысы болсын, Қызылорда өңірі болсын барлық жерде айқындалып көрініп тұр. Бүгінге дейін көзі көрген қариялар барлығы сол кісінің еңбекқорлығын, ұлт жанашыры болғандығын, халқымызға қатты еңбек еткендерін жақсы айтады. Ал енді ол кісіні жақынырақ білуге мені бір жағдай итермеледі. Дулат Нұржанұлы ол кісінің туған інісі, сол кісімен мен әріптес болып, бірнеше жыл жұмыс істедім. Келіні Жанат, сол кісілермен жұмыс істедім.
РКС: Шаhардағы басты көшелердің біріне ел мүддесі жолында аянбай еңбек еткен ердің есімі берілген. Еркін Әуелбеков атымен аталған көшелер еліміздің өзге қалаларында да кездеседі. Мұның да өзіндік себебі бар. Социалистік еңбек ері Торғай мен Сыр өңірлеріне де басшылық етіп, аймақтың экономикасын жаңа деңгейге көтеруге үлес қосты.
СНХ: МАҒАУИЯ РАҚЫМБЕРГЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Еркін Нұржанов туралы айтатын болсақ, Еркін Нұржанович біздің Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Торғай өңіріне қандай азаматы болсын ол кісі туралы тік тұрады. Барлығы да Еркін Нұржановичты мемлекеттік тұлға ретінде сипаттап, жақсы білеміз. Қазір енді біз 80-нен асып отырмыз. Бұл кісімен істегендер аз болып бара жатыр. Әрмен қарайғы жастарға ол кісінің істеген істерін насихаттап, жастарға үлгі ретінде айтуымыз керек.
РКС: 2021 жылдың наурызынан бастап Еркін Әуелбеков атындағы қор жұмыс істейді. Қоғамдық ұйымның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа қайсар тұлғаның өнегесін таныту.
СНХ: ОРАЗКЕН НҰРТАЗИН, Е.ӘУЕЛБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ҚОРДЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Қордың бірінші мақсаты осы Ерекеңе ескерткіш қою болды. Қараша айында 21 жылы ескерткіш қойылды. Содан бері қор 5 жылдан артық жұмыс істеп жатыр. Одан Ерекең туралы студенттермен, оқушылармен кездесеміз. Спорттық шаралар өткізіледі. Жуырда Ерекеңнің 95 жылдығы Қызылордада тойланды, сонда барып келдік, Қызылордада делегациямен. Ауылдағы мәйітін, зиратын бәрін жаңадан жаңарттық, граниттан қойып. Ерекеңнің міне қайтқанына 27 жыл.
РКС: Қаңтардың қытымыр аязына қарамастан жиналған жұртшылық батырдың есімін мәңгілікке есте сақтайтындықтарын көрсетті.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ