ДИКТОР: «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Ақмола облысының прокуратурасы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен «Ашық есік күні» акциясын ұйымдастырды. Шарада тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, тегін құқықтық көмек көрсетуге және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға баса назар аударылды.

РКС: Акция барысында тұрғындар өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі сияқты мәселелер бойынша кеңес алды. Зейнетақы төлемдері, қоғамдық бірлестікті тіркеу бойынша, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер мен нормалар түсіндірілді. Әрбір азаматқа жеке-жеке құқықтық қолдау көрсетілді.

СНХ: ЕРТАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы адвокат маманына жолықтым. Документімде әкемнің атын дұрыс жазбағаны үшін осы адвокатка жүгініп, кеңес алдым. Алла жазса зейнетке шығамын. Құжаттарымды дұрыстауға үлкен көмек көрсетті. Біз сияқты қарапайым адамдарға әрине осындай көмек көп көрсетіліп тұрса екен.

РКС: Шараға облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, мемлекеттік қызмет саласының мамандары, нотариат палатасы, адвокаттар алқасы, жеке сот орындаушылары мен заңгерлік кеңесшілер қатысты.

СНХ: АЙЫМ АЛТАЙ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: Бұл шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудың басты бағыттарының бірі. Олар тұрғындардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Аталған тұжырымдама аясында мұндай іс-шараларды әр тоқсан сайын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, биылғы жылға арналған түрлі құқықтық шараларды өткізу жоспары да дайындалған.

РКС: Департамент өкілі азаматтарға цифрлық көмекші чат-боттар арқылы заң көмегін алу мүмкіндігі туралы ақпарат берді, сондай-ақ білікті заң көмегін, оның ішінде кешенді әлеуметтік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу тәртібі мен мүмкіндіктерін түсіндірді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ