ДИКТОР: Жасанды интеллект дамыған заманда ескі фотосуреттерді, соның ішінде өмірден өткен адамдардың бейнесін «жандандыру» трендке айналды. Бірақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы марқұмдардың фотосын Deep Nostalgia секілді технологиялар арқылы қозғалысқа келтіруге тек белгілі бір жағдайларда ғана рұқсат берілетінін мәлімдеді. Тілшіміз Сәния Есімсейітова баяндасын.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мүфтият бұл технологияны кез келген мақсатта қолдануға болмайтынын ескертеді. Әсіресе, марқұм адамның бейнесін «жандандыру» кезінде аса сақ болған жөн. Егер Deep Nostalgia технологиясы алдау, марқұмды кемсіту немесе туыстарының қайғысын күшейту мақсатында қолданылса, оған тыйым салынады. Ал барлық талап сақталған жағдайда ғана бұл технологияны қолдануға рұқсат беріледі.
СНХ: ҰЛАН ШӘРІПОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖАҚИЯ ҚАЖЫ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: Жасанды интеллект арқылы қайтыс болған ададмдарды тірілту, оларға бір іс-қимыл беру арқылы видео жасау таралып жатыр. Осы бағдарламаны қолдану барысында ол адамның туған туысқандарынан міндетті түрде рұқсат сұрау керек. Суретке іс-қимыл беру кезінде ол адамның жақындарына ешқандай зияны ауыртпалығы болмауы керек. Оларға қайғы үстіне қайғы тудыртпауы керек. Осы шарттар сақталған кезде ғана рұқсат етіледі.
РКС: Мұндай технология алғашында адамға жұбаныш сыйлағанымен, уақыт өте келе эмоциялық және психологиялық күйзеліске ұрындыруы мүмкін. Оның салдары депрессияға, ұйқының бұзылуына, психологиялық тәуелділікке және әлеуметтік оқшаулануға әкелуі ықтимал, - дейді тұрғындар.
СНХ: ДАСТАН ИСМАИЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Егер той болса, онда көрсетуге болады, ал қайғылы жағдай болған кезде өлген адамды тірілтіп видео жасау, ол жақындарына өте қиын болуы мүмкін. Меніңше дұрыс емес. Қазір жасанды интеллекттің дамыған заманы ғой, бұл ертең жалғаса берсе, адамдар психологиясы бұзылып, жақындарының фотоларын тірілтіп солармен сөйлесуі мүмкін. Сосын екіншіден бұның бәрі шығын, ақша. Бәрі жасап көргісі келеді, тапсырыс береді.
РКС: Шариғатта жасанды интеллектті қолдануға түбегейлі тыйым жоқ, ең бастысы - оны ақылға қонымды, игі мақсатта пайдалану. Осы ұстанымды негізге алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллектке негізделген «Imam AI» мобильді қосымшасын әзірлеп, іске қосуды жоспарлап отыр. Жаңа платформа тексерілген әрі сенімді дереккөздерге сүйеніп, азаматтардың діни сұрақтарына жедел әрі нақты жауап беруге бағытталмақ.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ