ДИКТОР: 2028 жылға қарай өңірдегі мектептерде орын тапшылығы 4 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұған қоса, аймақта білім беру саласындағы кадр тапшылығы мәселесі де өткір. Білім инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артуы мен маман тапшылығы - аймақтың әлеуметтік дамуындағы өзекті түйткілдердің бірі. Осы және өзге де маңызды мәселелер Көкшетауда өткен әлеуметтік саланы дамытуға арналған кеңесте талқыланды. Жиын Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өтті. Кеңеске аймақ басшысы Марат Ахметжанов, әлеуметтік салаға жауапты вице-министрлер, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен өңірдегі әлеуметтік сала басшылары қатысты. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Соңғы жылдары елімізде халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып келеді. Әр салада оң өзгерістер бар. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де аз емес. Осы ретте кеңес барысында әлеуметтік саланың бүгінгі ахуалы мен өзекті мәселелері сараланды. Атап айтсақ, Ақмола облысы бойынша мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 97 процентке жеткен. Алайда, 3 мыңнан астам бала әлі де кезекте тұр. Бұл мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымына түсіп отырған жүктеменің айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді. Сала мамандары нақты шаралар қабылданбаса, 2028 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 4 мыңға дейін жетуі мүмкін,-дейді. Бұған қоса, аймақта білім беру саласындағы кадр тапшылығы да өткір күйінде қалып отыр.
СНХ: ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Өңірде 690 педагог жетіспейді, оның 52%-ы жекеменшік балабақшада. Мектепке дейінгі ұйымда 31 басшының орны бос. Педагог кадрлар мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Облыстың мектептерінде 17469 педагог еңбек етеді. Олардың 90%-ы жоғары білімді, 1614-і магистрлік дәрежеге ие. Техникалық және кәсіптік білімі бар педагогтар 9,7%-ды құрайды.
РКС: Кеңес барысында заман талабына сай өзгерістерге де назар аударылды. Биылғы жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы ретте Аида Балаева жасанды интеллектті оқу үдерісінде байыпты қолдану қажеттігін атап өтті. Жасанды интеллект - ең алдымен мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оқу процесінің тиімділігін арттыратын көмекші құрал. Сондықтан оны пайдалануда тепе-теңдікті сақтау маңызды,-деді ол. Денсаулық сақтау саласындағы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Аймақта орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жас. Жалпы өлім-жітім, нәрестенің шетінеуі мен туберкулезден көз жұму көрсеткіштері төмендегенімен, бұл салада да шешімін күткен түйткілдер бар. Кеңес барысында денсаулық сақтау жүйесіне қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, тұрғындар тарапынан шағымдардың азаймай отырғаны айтылды. Медициналық қызмет көрсету сапасы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі, ана өлімінің алдын алу және медицина кадрларының тапшылығы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр.
СНХ: ӘЛИЯ РҮСТЕМОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Осы ретте халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, мақсатты түрде кадрларды іріктеу және резидентура түлектері мен жас мамандарды тарту арқылы медициналық кадрлардың әлеуетін арттыру қажет. Бүгінде аймақта медцина саласында 650 маман тапшылығы бар.
РКС: Жиын қорытындысы бойынша әлеуметтік салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған кешенді жоспар әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ салалық министрліктер мен өңірлер арасындағы бірлескен жұмысты күшейту, кадрларды аймақ қажеттіліктеріне сай даярлау, білім, ғылым, туризм және спорт салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларды нақты мерзім мен жауаптыларды айқындай отырып жеделдету міндеттелді. Бұдан соң облыстың қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өтті. Онда халықпен тұрақты кері байланыс орнату және әлеуметтік қызметтердің сапасына қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды. Әсіресе ұлттық құндылықтарға ерекше назар аударылды. Аида Балаева ұлттық құндылықтарды ғылыми тұрғыда зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Әрбір ою-өрнек пен ұлттық нақыштың өзіндік мән-мағынасы бар, сондықтан оларды орынды қолдану қажет. Ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін этнографтар мен мәдениеттанушылардың пікіріне сүйене отырып жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ