ДИКТОР: Қаңтардың 1-нен бастап Бурабайда мемлекеттік аудандық аурухана жұмысын бастады. «Авиценна-Бурабай» жекеменшік клиникасы 2017 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келген еді. Мемлекеттің қарамағына өткен емханада пациенттер үшін не өзгерді? Медицина қызметкерлерінің құрамы сақталды ма? Мекеменің алдағы даму жоспары қандай? Тілшіміз Ризагүл Шәменова айтсын.
РКС: Медициналық көмек көрсету енді аудандық емхананың құзыретіне өтті. Тұрғындардың алаңдауы үшін еш негіз жоқ. Емхана бұрынғы ғимаратта жұмысын жалғастыруда. Дәрігерлер мен медициналық персонал құрамы толық сақталды. Ал аудан тұрғындары автоматты түрде жаңа мемлекеттік мекемеге бекітілді.
СНХ: ЕВГЕНИЙ БЕКАЕВ, БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ ЕМХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Биыл осы емханаға компьютерлік томография, жаңа рентген, маммографтар және ультрадыстық зерттеу аппаратын орнатуды жоспарлап отырмыз. Қосымша медициналық жабдықтың арқасында көрсетілетін медициналық қызмет түрлері кеңейіп, қызмет сапасы артады. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының денсаулығы да жақсарады деп үміттенеміз.
РКС: Облыс және аудан әкімдіктері мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауының арқасында материалдық-техникалық база жаңартылды. Заманауи жабдықтармен жарақтандыру тұрғындар үшін медициналық қызметтің түрі көбейтіліп, қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Емхананың жұмысы мен медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайлары жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.
СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Дәрігерлермен және медицина қызметкерлерімен кездестік. Ағымдағы мәселелерді, сондай-ақ олардың жұмыс істеу жағдайы мен жалақы шарттары талқыланды. Бұл ұйымның жұмысы Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың, сондай-ақ Бурабай ауданы әкімдігінің бақылауында. Біз алдағы уақытта да медицина қызметкерлерімен бірлесе отырып, аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін бар жағдайды жасаймыз.
РКС: Осылайша, емхананың мемлекеттік басқаруға өтуі тұрғындар үшін үйреншікті медициналық қызмет көрсету форматын сақтап қана қоймай, Бурабай ауданында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашып ашып отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ