ДИКТОР: Көлік ескі болса, салық та арзан. Қаңтардың 1-нен бастап салық кодексінде көлік салығына қатысты жаңа өзгерістер енгізілді. Алдымен ескі көлік мінетіндерге жақсы жаңалық. Егер жеңіл автокөлігіңізді қолданғаныңызға 10 жылдан асса, енді салық бұрынғыдай толық көлемде есептелмейді. 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге – 0,7, ал 20 жылдан асқан көліктерге – 0,5 коэффициент қолданылады. Яғни, көлігіңіз неғұрлым ескі болса, салығы да соғұрлым азаяды. Десе де, көлік салығы жылдың қорытындысымен төленетіндіктен, биылғы жылға есептелген бұл жеңілдік 2027 жылы төленеді.
РКС: Қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 2013 жылғы желтоқсанның 31-нен кейін елімізде өндірілген немесе республика аумағына әкелінген жеңіл автокөліктер үшін салық мөлшерлемелері алынып тасталды. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары үшін де айтарлықтай жеңілдіктер енгізілді.
СНХ: ЭЛЬОНОРА ЕРМОЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Шаруа қожалықтары үшін қосымша жеңілдік қарастырылды: әрбір қожалыққа тиесілі бір «Пикап» автокөлігі салық төлеуден босатылады. Сонымен қатар, енді көлік құралының санаты тіркеу куәлігінде көрсетілген деректерге қатаң түрде сәйкес, яғни көлік құралына берілген жүргізу құқығының санаты негізінде айқындалады.
РКС: Аталған жеңілдік «бір қожалық – бір көлік» қағидаты бойынша қолданылады. Бұл өзгеріс көлік салығын есептеу барысында туындайтын түсініспеушіліктерді азайтуға бағытталған. Ал жүргізушілер жаңа тәртіпті оң бағалап, салық жүктемесінің жеңілдетілгеніне ризашылықтарын білдіруде.
СНХ:ӘСЕМБЕК КӨШЕЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Міне биыл салық төлеу әлдеқайда жеңілдетіліп жатыр. Ол біз сияқты қарапайым тұрғындарға өте қолайлы әрине. Былтырлары айлық есептік көрсеткішпен 10 мыңға жуық төлесем, енді әлдеқайда төмен төлейтін боламыз және енді салық жүргізуші категориясына байланысты бөлініп төленетіні қуантады. Қуаныштымыз.
РКС: Салықтық есептілік нысандарының санын қысқарту мақсатында көлік құралдары салығына қатысты ағымдағы төлемдер есебін ұсыну міндеті де алып тасталды. Биыл салық төлеуші тек жылдық декларацияны ғана тапсырады және тиісінше салықты жылдың қорытындысы бойынша бір рет төлейді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ