ДИКТОР: Облыс аумағында «Пиротехника» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Бұл шараға төтенше жағдайлар департаменті, полиция басқармасы мен облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің өкілдері жұмысла кірісті. Қаңтардың 3-інде аяқталған акцияның қорытындысы туралы тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.
РКС: Аталған республикалық акция пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ қауіпсіздік мәдениеті мен халықтың хабардарлық деңгейін арттыру мақсатында өткізілді. Сондай-ақ отшашу сатушылардың сәйкестік құжаттарының бар-жоғы тексерілді.
СНХ: ЖАНГЕЛДІ МӘДИ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Пиротехникалық заттарды сату, әдетте, республикалық заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетін сауда орындарында жүзеге асырылады. Осы кезге дейін 441 рейд өткізіліп, 189 пиротехникалық зат тәркіленді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес 3 миллион 503 мың 250 теңгеге 81 әкімшілік хаттама толтырылды.
РКС: Жаңа жыл қарсаңында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары білім беру ұйымдарында 10 мыңнан астам оқушыны қамтыған 40-ға жуық интерактивті сабақ өткізді. Ерекше назар пиротехникалық заттарды дұрыс пайдалануға аударылды. Мамандар пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде сатушыдан сәйкестігін растайтын барлық қажетті құжатты міндетті түрде талап ету керектігін еске салады.
СНХ: ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Пиротехникалық заттарды сату кезінде міндетті түрде растайтын құжаттары болуы тиіс. Атап айтқанда, сәйкестік сертификаты, тауардың шығу тегі туралы декларация және олар Кеден одағы техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келуі қажет. Өкінішке қарай, қазір бұл талаптар барлық жерде толық көлемде орындалып отырған жоқ. Осыған байланысты тұрғындарды бұл жағдайдың өмір мен денсаулыққа тікелей қауіп төндіретінін ескерткіміз келеді. Осыған орай тұрғындарды сақ болуға шақырамыз. Құжаттары жоқ, талаптарға сай келмейтін немесе сапасы күмәнді өнімдер анықталған жағдайда, біздің департаментке хабарласуларыңызды сұраймыз.
РКС: Мамандар мереке күндері зардап шеккендердің шамамен 85 пайызы пиротехникалық заттарды пайдалану талаптарын сақтамау немесе сапасыз өнімдерді қолдану салдарынан жарақат алатынын айтады. Айта кетейік, биыл Жаңа жылды өткізу кезеңінде бір бала пиротехникадан зардап шекті.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ