ДИКТОР: Жаңа жылдық мейрам кезінде облыстық көпбейінді ауруханасының травматология бөліміне 332 адам жүгінді. Жаяу мұз қатқан жүргіншілер жолы мен баспалдақтардан тайғанап құлап, түрлі жарақат алған. Оқиғаның мән-жайын тілші айтсын.
РКС: 65 жастағы қала тұрғыны Наурызбай Тілеужанов дүкенге барған кезде баспалдақпен төмен түсіп келе жатып, тайып құлаған. Соның салдарынан сол жақ жамбасы сынған. Қабылдау бөлімінде оған дер кезінде көмек көрсетілді.
СНХ: НАУРЫЗБАЙ ТІЛЕУЖАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мені мұнда балам жеткізді. Аурухана дереу қабылдады. Аяғымды рентгенге түсіргенде сынық екені анықталды. Зейнетке шыққаныма үш жыл. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Дереу жатқызды.
РКС: Науқастың жамбас сүйегіне жақын күндері операция жасалады. Одан соң ұзақ оңалту кезеңі. Дәрігерлер қыста мұндай жарақаттардың жиі кездесетінін айтуда. Сондықтан көктайғақ кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды.
СНХ: РИНАТ СМАЙЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАВМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ: Ең алдымен көшеде абай болу қажет. Көктайғақ кезінде сүйек сынып, буын шығып кетуі мүмкін. Табаны таймайтын аяқ киім киіп, мүмкін болса тайғанаудан қорғайтын арнайы жапсырмаларды қолданған жөн. Баяу қозғалып, оқыс қимылдардан аулақ болған абзал. Қолды қалтаға салып жүрген дұрыс емес, өйткені құлаған жағдайда тепе-теңдікті сақтау қиын болады.
РКС: Травматология бөлімінің дәрігерлері өңір тұрғындарын барынша сақ болуға шақырады. Қолайсыз ауа райында мүмкіндігінше қозғалысты шектеуге кеңес береді. Өйткені, болмашы құлаудың өзі ауыр жарақаттарға және ұзақ емделуге әкелуі мүмкін.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ