ДИКТОР: Биыл Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында мәлімдеді. Президент озық цифрлық технологияларды кеңінен енгізу елдің барлық саласының даму әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Ал ауқымды цифрлық жаңғыру ең алдымен қай салаларды қамтымақ? Жасанды интеллект Ақмола өңірі тұрғындарының күнделікті өміріне қандай өзгерістер енгізеді? Тілші баяндайды.

РКС: Президент былтыр қыркүйек айындағы халыққа арнаған жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған еді. Содан бері бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, AI-Sana жобасы аясында еліміз бойынша 650 мыңнан астам студент оқытылды. Мектептер мен жоғары оқу орындары, соның ішінде Ақмола облысындағы білім беру мекемелері де арнайы бағдарламалар арқылы бейінді мамандарды даярлауға кірісті. Қазақстан экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді стратегиялық басымдық ретінде таңдады. Цифрлық державаға айналу – жаңа технологиялық дәуірде бәсекеге қабілетті әрі өркениетті ел ретінде дамудың басты шарты. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген бүгінгі сұхбатында атап өтті. Салалық ведомство жоспарына сәйкес, жасанды интеллект ең алдымен білім беру, ауыл шаруашылығы, өндіріс, логистика және тау-кен салаларында енгізілмек.

СНХ: НҰРЖАН БОЛАТОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Біздің университеттімізде ғылыми мамандар, әкімшілік тараптан мамандар «АІ Sana» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған іс шараларға қатысты. Өздерінің мүмкіндікерін шыңдады. Ал біздің 4000-ға жуық студенттеріміз соңғы екі жылда жасанды интеллекті экономиканың әртүрлі саласында қолдануда

РКС: Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, финтех және экономиканың бірқатар саласында қол жеткізілген нәтижелерді ерекше атап өтті. Сонымен қатар екі мыңға жуық компанияны біріктірген IT-стартаптарды қолдауға арналған толыққанды экожүйе – Astana Hub инновациялық кластерінің жұмысына жоғары баға берілді. Былтыр Қазақстаннан экспортталған IT-қызметтердің көлемі шамамен 1 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл жетістікке Ақмола облысы да айтарлықтай өз үлесін қосты.

СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, «ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АВТОНОМДЫ КЛАСТЕРЛІК ҚОРЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Былтыр біздің өңірдегі стартаптар саны 60-қа жетті. Олардың ішінде 50 жоба алғашқы инкубациялық бағдарлама – «Стартап Ордаға» өтінім берді. Барлық жобалардың ішінен 14-і сәтті аяқталды. Ал қазір 3 жоба нарыққа шығудан бұрын бета-тестілеуден өтуде. Бір жоба толық нарыққа шығып, алғашқы сатылымдарды жүзеге асырды және Өзбекстаннан он мың АҚШ доллар көлемінде алғашқы инвестиция тартты. Стартаптар әртүрлі салаларда дамып келеді. Былтыр 6 IT компаниясы «Астана Хаб» бағдарламасының қатысушысы атанды. Олар алғашқы салықтық жеңілдіктерге ие болды, ал олардың үшеуі қайта құрылды.

РКС: Көкшетауда құрылған «Digital Aqmola» орталығы – өңірдегі жасанды интеллект пен озық технологиялардың іргелі орталығының бірі. Мұнда мамандар көлік, тұрғын үй-коммуналдық қызметі, қауіпсіздік, экология мен денсаулық сақтау салаларын, тіпті ауыл шаруашылығын да орталықтандырылған жүйеде қадағалайды. Яғни, өңірдің барлық негізгі саласы бір платформада үйлестіріліп, бір төбе астында бақылауда ұсталады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ