ДИКТОР: Щучинск қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара шаңғы жарысынан Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті. Ел Кубогы жолындағы бәсекеге Қазақстанның 5 өңірінен 40 пара атлет қатысып, классикалық жүріс дисциплинасы бойынша шеберліктерін сынға салды.

РКС: Республикалық додаға Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Алматы және Ақмола облыстарының пара спортшылары қатысты. Жарыс бағдарламасы әйелдер арасында 2,5 және 5 шақырым, ерлер арасында 5 және 10 шақырым қашықтықтарды қамтыды.

СНХ: АЛЕКСАНДР ГЕРЛЕЦ, ПАРА ШАҢҒЫ ЖАРЫСЫ МЕН ПАРА БИАТЛОННАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА СПОРТШЫСЫ: Бүгін біз 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өттік. Ашық күн райы жарыстың жақсы өтуіне мүмкіндік берді. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын!

РКС: Енді үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы халықаралық сындарда ел намысын қорғайтын ұлттық команда сапына қосылады.

СНХ: ВАСИЛИЙ КОЛОМИЕЦ, ПАРА ШАҢҒЫ ЖАРЫСЫ МЕН БИАТЛОННАН БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын команданы іріктеп алдық. Енді келесі кезең – әлем Кубоктарына спортшыларды нақтылау. Ақпан айында Австрия мен Швейцарияда өтетін оқу-жаттығу жиындарында қарқынды дайындыққа кірісеміз. Одан кейін Италияға барып, Милан–Кортина–2026 қысқы Паралимпиадасында ел намысын қорғаймыз.

РКС: Осылайша, Щучинск төрінде өткен ел кубогы қазақстандық пара шаңғы спортының әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алда пара атлеттерді маңызды халықаралық кезеңдер күтіп тұр. Ендігі меже – әлемдік аренада топ жару.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ