ДИКТОР: Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық бағыттағы түрлі жоба жүзеге асырылуда. Акцияның негізгі мақсаты тек көшелер мен табиғат аясын тазалықта ұстау ғана емес, келер ұрпақты ұқыптылық пен жауапкершілікке тәрбиелеу. Жастардың бойында экологиялық сана қалыптастырып, қоршаған ортаға деген қамқорлығын ояту. «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында білім ошақтары да белсенді ат салысуда. №10-шы орта мектептің оқушылары «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдерімен бірлесе құстарға ұя орнатты.

РКС: №10 мектеп экологиялық бағыттағы білім ошағының бірі. Жыл сайын волонтерлік шараларға белсене қатысатын және қоршаған ортаға ерекше қайырымдылық танытып келеді.

СНХ: БИБІГҮЛ КӨПЖАСАРОВА, №10 ОРТА МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Мектеп алаңында «Құстарға қамқорлық жасайық» атты акция қолға алынып, бастамасы бүгін болып жатыр. Балалар өте қуанышты. Осындай іс-шаралар арқылы біз балалардың бойында экологиялық тәрбие мен жанашырлық, мейірімділік таныту қабілеттерін бойына сіңіре аламыз деп сенеміз.

СНХ: ӘМИНА ТІЛЕУБАЕВА, №10 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Табиғатты қорғау біздің ортақ міндетіміз. Біз бірге бірігіп ұяшық жасап, құстарға қамқорлық көрсеттік. Осы іс-шара бізге өте маңызды. Себебі, табиғатты аялау болашаққа деген игі қадам.

РКС: Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері 40-тан астам экологиялық шара ұйымдастырды. Соның басым бөлігі қоршаған ортадағы ерекше қамқорлықты талап ететін жан-жануарларға барынша мейірімділік көрсетіп, олардың өмір сүруіне жағдай жасау. Бүгінде айналамыздағы ортаның тепе-теңдігін сақтауға ат салысып жатқан мамандар оқушылармен құстарға үйшік орнатты.

СНХ: АЙНҰР ШӘРІПОВА, «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АҒАРТУ БОЙЫНША ИНЖЕНЕРІ: Аталған акция құстар популяциясын сақтау мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қызметкерлер тек қана құстарға ерекше көңіл бөлмей, орман алқаптарындағы аң-жануарларға да жемдіктер орнатып, оларды қыс мезгілінде азық тапшылығын алдын алуына көмектеседі. Жалпы жылды қорытындылайтын болсақ, Айыртау, Зеренді аймақтарының аумағында 300-ге жуық құстарға үйшіктер ілінген болатын. Акция қатысушыларының жалпы саны 2 жарым мыңнан асады.

РКС: Ақмола облысының табиғаты сұлу, орман-көлді алқап. Биыл акцияны жүзеге асыру мақсатында облыс бойынша 3 мың гектардан астам аумаққа 20 миллион түпке жуық көшет отырғызылды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жасыл желектерді қорғауға байланысты мобильдік топтар құрды.

СНХ: ҚАДЫР ШӘЙМЕРДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Инспекцияның қатарынан 2 мобильдік топ құрылды. Ол топтар мысалы осы біздің Көкшетау аумағында, сосын Зеренді, Сандықтау, Бурабай, Бұланды және Ерейментау аймақтарында өздерінің жұмыстарын жүргізеді. Облыс бойынша 97 мобильдік топ құрылды және осы облыстың негізгі жолдардың бойында 18 бекет құрылды.

РКС: Еліміз ресурстарға бай өңір. «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық бағыттағы ауқымды мәселелердің алдын алу үрдісінің басты тетігі. Бұл жоба келер жылдары да жалғаса бермек.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ