ДИКТОР: Кәсіпкерлікті бастау үшін тек қол қусырып қарап отыру жеткіліксіз. Әрекет ету керек! Аймақта экономиканың жаңа драйверлерін қалыптастыруда өнеркәсіп пен инвестицияға айырықша көңіл бөлінеді. Жаңа зауыттар іске қосылып, индустриялық аймақтар кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Инвестиция тартудың өңірлік моделі қалай жүзеге асырылып жатыр? Тілшіміз жалғастырады.
РКС: Бүгінде облыстық басқармалар жұмысының негізгі мақсаты – өндірісті дамытып, инвесторларға жүйелі қолдау көрсету. Бұл бағытта міндет те айқын. Белсенді әрі кешенді тәсілдердің нәтижесінде өңірге қаржы тартылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Өндіріс көлемі де артып келеді.
СНХ:БАҚЫТЖАН САПАР, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: //аударма// Облыс әкімі жүктеген міндеттер аясында инвестиция тарту жұмыстары жаңа форматта жүргізіліп жатыр. Біз инвесторды күтіп отырмай, өзіміз іздеп, олармен тікелей байланыс орнатамыз. Сол мақсатта Астана қаласында “Aqmola Invest” кеңсесі ашылды. Облыстың инвестициялық бағдарламасы мен даму жоспары бекітіліп, ол халықаралық деңгейде де ілгерілетілуде. Сонымен қатар “Kazakh Invest”, Сыртқы істер министрлігі, қаржы институттары және орталық мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс күшейтілді.
РКС: «Aqmola» индустриялық аймағы бүгінде толыққанды өндірістік кластерге айналды. Мұнда шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару және экспортқа бағытталған жобалар іске асырылуда. Бұған қоса, Көкшетау мен Степногорск қалаларында да салалық мамандандырылған индустриялық аймақтар қарқынды дамып келеді.
СНХ: ІЛИЯС ӨТЕГЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: //аударма// Соңғы бес жылда Ақмола облысының өнеркәсіп саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 триллион теңгеге жуықтады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 400 миллиард теңгеге артық. Өсімнің негізгі қозғаушы күші - машина жасау және химия өнеркәсібі. Мәселен, трактор өндірісі 22%, арнайы техника шығару 30%, ал пестицидтер өндіру 45%-ке өсті.
РКС: Қолға алынған бұл шаралардың игілігін ең алдымен халық көріп отыр. Жаңа өндіріс орындары ашылып, аймақ тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылуда. Индустрияның қарқынды дамуы аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, ел экономикасына да жаңа серпін беріп отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ