ДИКТОР: Аймақтың ертеңі – бүгінгі талантты ұрпақ. Өңірде өнерге құштар балалардың қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде жас өрендер музыка, би, бейнелеу өнері бағыттары бойынша түрлі байқауларда өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Олар – ұлттық өнерді ұлықтап, болашаққа сеніммен қадам басып келе жатқан шығармашыл буын. Солардың бірімен тілшіміз танысып қайтты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Домбыраның құлағында ойнап, тыңдарманды әсем әуенмен баурайтын жас дарындар аз емес. Солардың бірі домбыраны жанына серік еткен – Дәрия Ерденова. Домбыра үйірмесіне қатысқанына көп болмаса да, білігі мен орындаушылық дағдысын жетілдіріп үлгерді.
СНХ: ДӘРИЯ ЕРДЕНОВА, ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ: Мен тамыз айынан бастап өнер орталығына келіп жүрмін. Осы аралықта үш күй үйрендім. Ең алғашқылары – «Тепеңкөк», «Ерке сылқым» және «Балбырауын». Қазір «Ер Тұран» күйін үйреніп жатырмыз. Домбыра мен үшін қасиетті аспап. Ол маған қуаныш пен күлкі сыйлайды. Маған домбыра тарту өте ұнайды. Өзімді табу, жаңа таныстықтар мен қарым-қатынас орнату үшін түрлі үйірмелерге қатысып жүрмін.
РКС: Жас дарынның жетістігіне ата-анасының қолдауы да зор.
СНХ: АЯГӨЗ ӘМІРҒАЛИЕВА, АТА-АНА: Менің қызым «Көкше өнер орталығына» тамыз айынан бері барып жүр, мен бұған өте ризамын. Әр ата-анаға баласын тым болмағанда бір рет сынақ сабағына алып келуді шын жүректен ұсынамын. Сол арқылы балаларымыз өзін тағы бір салада байқап көре алады. Музыка арқылы ол өзін дамытып, жаңа достар тауып, жаңа қызығушылықтарын аша алады, өзін шығармашылық тұрғыдан байытады. Қазір балалардың дамуына арналған орталықтар, өнер мектептері мен түрлі үйірмелер өте көп. Біз бүлдіршіндерді осындай мүмкіндіктерге тартуымыз керек. Оны жүзеге асырудың ең тиімді жолы – баланы жетектеп әкеліп, осындай орталықтарды көрсету. Себебі ата-анасы көрсетпесе, бала бұл мүмкіндіктер туралы өздігінен біле алмайды.
РКС: Домбыра үйірмесіне қатысушылар күй өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруде. Мұндай үйірмелер балалардың өнерге деген ынтасын арттырып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін еселей түспек.
СНХ: МӘДИНА ӨМІРБЕК, ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Домбырамен айналысу кейбір балаға хобби болады. Кейбіріне өмірлік азық болады деген сияқты. Ол баланың жалпы ойлау қабілетін арттырады. Кішкентай кезінен келіп жүрген балалар болашақта өзінің жеке күйлерін ойлап табуы мүмкін. Қандай да бір шығармалардың авторлары болуы мүмкін. Соған көп пайдасын тигізеді. Кішкентай кезінен домбыраның үгін естіп жүрген бала болашақта тек домбырамен ғана емес, бірнеше аспаптарды да меңгере алатыны сөзсіз. Сол арқылы өзін дамытады.
РКС: Домбыраның қоңыр үні, күйдің терең мағынасы, әннің әуездігі – рухани құндылықтың ажырамас бөлігі. Балалар мен жасөспірімдердің өнерге деген қызығушылығын дамыту – болашаққа жасалған баға жетпес қадам.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ