ДИКТОР: Биыл Ақмола облысы елдің жетекші ауыл шаруашылығы аймақтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түсті. Рекордтық өнім мен экспорттау географиясын кеңейту халықаралық нарықта Қазақстан бидайы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

РКС: Биыл өңір диқандары ауыл шаруашылығы маусымында 7,6 миллион тонна астық жинады. Әр гектарынан 16 центнерден айналды. Жоғары сапалы астықтың басым бөлігі аймақтың экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

СНХ: ТАЛҒАТ ДЕМЕСІНОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Жиналған дақылдың 70 проценттен астамы 3 немесе одан жоғары сұрыпты. Бұл Ақмола облысының экспорттық әлеуетін арттырады. Қазірдің өзінде Ақмола өңірі 3,5 миллион тонна астық экспорттады. Негізінен астық Шығыс Еуропа, Азия, Қытай, Ауғанстан және Пәкістан елдеріне жіберілді.

РКС: Экспорттың өсуімен қатар, Ақмола өңірі ауыл шаруашылығы секторын белсенді түрде әртараптандыруда. Дәнді дақылдардан бөлек, майлы дақылдардың егістік алқабы да артып келеді. Соңғы үш жылда өнім көлемі екі есе артып, 500 мың тоннадан асты. Бұдан бөлек, тасымалдау географиясы да кеңеюде. Әсіресе, Солтүстік және Шығыс Еуропа елдері арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жоғары сапа стандарттарын сақтай отырып, өз нарығын қазақстандық астыққа ашқан Еуропа Одағының алғашқы елі - Финляндиямен ынтымақтастық маңызды қадамдардың бірі болды.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ