РКС: Шортанды ауданына қарасты Пригородное ауылында 100 орынға шақталған фельдшерлік-акушерлік пункт елге қайтарылған активтер есебінен салынып, кеше қолданысқа берілді. Ауыл тұрғындарының қуанышын тілшіміз Ризагүл Шәменова бірге бөлісіп қайтты.

 ИНТЕРШУМ:

РКС: Жаңа үлгідегі фельдшерлік-акушерлік пунктте алғашқы көмек көрсетуге бар жағдай жасалған. Онда екпе кабинеті, пациенттерді қабылдау бөлмесі, педиатриялық және жүкті әйелдерге арналган акушерлік бөлме ашылған. Дәріхана да ішінде қарастырылған. Кабинеттер жарық әрі кең. Сондай-ақ, заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Енді ауыл тұрғындарына қажетті ем-дом немесе дәрі-дәрмекті алу үшін 65 шақырым қашықтықта жатқан аудан орталығына барудың қажеті жоқ.

СНХ: КҮЛӘШ ҚАПЕЗҚЫЗЫ, ПРИГОРОДНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгін бүкіл ел болып мінекей 1 жылдың ішінде салынған емханамыздың қызығын көріп отырмыз. Көптен-көп рахмет. Саусақтан қан тапсыру үшін Андреевскіге, Шортандыға жіберетін бізді. Ал енді біз қартайған адамдар бәріміз жүре бермейміз. Жататындар да бар, отыратындар да бар. Ал енді мына өзіміздің ауылда ашылып жатқан бәлніске неге келмейміз. Мен осында күнде келемін әрбірден соң.

РКС: Мекеме медицина жүйесін нығайтып қана қоймай, медициналық кадрлармен де қамтамасыз етілген. Мұнда тәжіребиелі мамандар жұмыс істейді. Мектеп мейірбикесі мен фельдшер тұрақты қызмет етеді. Сондай-ақ, Андреевское ауылдық округінен жалпы тәжірибелік дәрігер шақыртылып отырады. Олар ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге әзір.

СНХ: ИРИНА ДЕМЕНЧУК, АНДРЕЕВСКОЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯСЫНЫҢ ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕРІ: Мен бұл мекемеге аптасына 3 рет келіп, халыққа медициналық қызмет көрсетіп отырамын. Учаскеде барлығы 6 медицина қызметкері және 1 жалпы тәжірибелі дәрігер жұмыс істейді. Біз Пригородное ауылына жақын орналасқан Камышенко, Октябрьское ауылдарына да қажетті медициналық көмек көрсететін боламыз. Жалпы халық саны 1560 адамды құрайды.

РКС: Ауыл тұрғындары фельдшердің немесе акушердің кеңесін алып, тексеруден өте алады. Түрлі талдауды да тапсырып, қажетті медициналық көмек алуға толық мүмкіндік бар. Пригородное ауылындағы тұрғындар саны 500-ден астам. Оның 70-ке жуығы қарт. Ал 300-ге жуық тұрғын арнайы медициналық тіркеуде тұр. Бұған дейін ауылда 1965 жылы іргесі қаланған емхана жұмыс істеді. Тозығы жеткен ғимаратта қажетті медициналық шараларды өткізу мүмкін емес еді. Су жаңа ғимараттың құрылысы сәуір айында басталып, жоспарға сай желтоқсанда қолданысқа беріліп отыр.

СНХ: СЕРІКБОЛ МЕРЕЙҰЛЫ: ШОРТАНДЫ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Құрылыстың жалпы құны 214 миллионды құрайды. Бұл құрылыс нысанын Құрылыс басқармасымен бірлесе отырып салдық. Яғни ол кісілер ғимаратты салса, біз инженерлік желілерін өткіздік. Су, канализация, электр желілері.

РКС: Келер жылы Шортанды ауданына қарасты тағы 4 ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт ашылмақ. Ақмола облысында 130 мың ауыл тұрғыны сапалы медициналық көмекке қол жеткізіп отыр. Биыл 43 медициналық нысанның 38-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы облыста медицина саласын одан әрі дамыту көзделіп отыр. Мәселен, Көкшетау қаласында 630 төсек орынға шақталған көпсалалы жаңа аурухананың құрылысы басталды. Ол 2027 жылы қолданысқа берілмек.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ