ДИКТОР: Егіндікөл ауылында 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тағы 5 отбасы баспаналы болды. Пәтерлердің кілті әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға табысталды. Салтанатты шара 2029 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында өтті.
РКС: Баспаналы болғандардың қатарында – Мәрия Жаппарқұлова да бар. Көп балалы ана жаңа тұрғын үй құрылысының аяқталуын көптен күткенін айтады. Себебі аталған тұрғын үй бұған дейін сақалды құрылыс тізімінде болған. Енді құрылыс толық аяқталып, жаңа пәтер иелерін қуанышқа бөлеп отыр.
СНХ: МӘРИЯ ЖАППАРҚҰЛОВА, ЕГІНДІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қуанышымда шек жоқ! 3 бөлмелі пәтер алып отырмын! Көпбалалы отбасыларға осындай мүмкіндік беріп отырғаны үшін алғыс айтқым келеді.
РКС: Аудан әкімі Юрий Курушин тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңыздылығын атай келе, жаңа пәтерлердің иелерін құттықтады.
СНХ: ЮРИЙ КУРУШИН, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Аудан бойынша заманауи жаңа 32 пәтер салынды. Сіздерді жаңа баспаналарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа пәтерлеріңіз сіздерге тек жайлы өмір сыйлап қана қоймай, тұрақтылық пен әл-ауқаттың берік іргетасына айналсын! Шаңырақтарыңыз берекелі әрі шаттыққа толы болсын!
РКС: Жалпы биыл аймақта 18 сақалды құрылыс нысаны пайдалануға берілді. Қалған жобалар жоспар бойынша келер жылы аяқталады. Бұл бағыттағы игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, мыңдаған отбасының жағдайын жақсартуға сеп болмақ.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ