ДИКТОР: Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңірде «Пиротехника» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Бұл шара қаңтардың 3-іне дейін жалғасады. Рейдтік шараның барысымен тілшіміз Евгений Варанкин танысты.
РКС: «Пиротехника» республикалық шарасы пиротехникалық заттарды заңсыз сатудың жолын кесу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Тәртіп сақшылары сату орындарда отшашу бұйымдардың сертификаттарын тексеріп, сатушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын өткізеді.
СНХ: ДӘРМЕН МАХАМБЕТОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың, петардалар мен отшашулардың заңсыз сатылуына жол бермеу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Рейд барысында қала аумағындағы барлық сауда орындары тексеріліп, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактілері анықталды. Көкшетау қаласы бойынша 5 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Аталған фактілер бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынып, пиротехникалық бұйымдар тәркіленуде.
РКС: Рейд барысында тәртіп сақшылары пиротехникалық заттарды сату орындарында тек сәйкестік құжаттарының бар-жоғын ғана емес, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын да қадағалайды. Мамандар пиротехникалық өнімдер құрғақ, желдетілетін, тікелей күн сәулесі түспейтін жерде сақталуы тиіс екенін ескертеді.
СНХ: РУСЛАН МОЛДАҒҰЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Аталған акция аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында нұсқаулықтар, дәрістер және әңгімелер өткізіледі. Пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз әрі дұрыс пайдалану тәртібі түсіндіріледі. 18 жасқа толмағандарға пиротехникалық заттарды пайдалануға қатаң тыйым салынады. Оларды қолда ұстап тұрып жаруға және адамдарға қарай бағыттауға болмайды.
РКС: Мамандар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасағандарға 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл қарастырылғанын ескертеді. Ал осы Кодекстің 415-бабына сәйкес сәйкестік құжаттары болмаған жағдайда жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 65 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
СНХ: ӘСЕМ ӘУБӘКІРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Кәсіпкерлер мен сатып алушыларға қандай пиротехникалық заттардың қауіпсіз екенін, олардың Қазақстан Республикасының аумағына жеткізу тәртібін, қандай ілеспе құжаттары болуы қажеттігін, сондай-ақ қауіпсіздік класстарын түсіндіреміз. Қауіпсіздіктің 5 класы бар. Қазір сатылымға қауіпсіздіктің 3 класына ғана рұқсат етілген. Аталған өнімді сату кезінде міндетті түрде сәйкестік сертификаты және анық әрі нақты таңбалануы болуы тиіс. Таңбалау мемлекеттік және орыс тілінде болуы қажет. Осы талаптар сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-бабына сәйкес айыппұл салынады.
РКС: Тәртіп сақшылары жаңа жыл мерекесі қарсаңында пиротехникалық заттарды пайдаланудың ережелерін, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ