ДИКТОР: Кешелі бері ауа райы күрт құбылмалы болып тұр. Жел көтеріліп, қар аралас жаңбыр жауып, біршама қолайсыздық тудыруда. Салдарынан, қала көшелері мен тас жолдарда көктайғақ пайда болды. Коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

РКС:Өңірдің басым бөлігінде өткен түнде жаңбыр жауып, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қатынауын қиындатып тұр.

СНХ: САЛТАНАТ ОҢАЙБАЕВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Алдағы күндері Ақмола облысының аумағында ауа райы тұрақсыз болады. Өңірдің басым бөлігінде қар жауады.Оңтүстік және шығыс аймақтарда қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал. Сондай-ақ, желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Көктайғақ және тұман болжанып отыр. Түнгі уақытта ауа температурасы 13–18 градус, облыстың оңтүстігі мен шығысында 6 градус суық болады. Күндіз 5–10 градусқа дейін салқын. Ал өңірдің оңтүстігі мен шығысында 0 градусшамасында.

РКС: Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық кәсіпорындар қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолына көктайғаққа қарсы инертті заттарды сеуіп жатыр.

СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКПАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазір қаладағы мердігер ұйымдар мен коммуналдық кәсіпорындар жолдар мен тротуарларды қар мен судан тазартып, құм-тұз аралас қоспа сеуіп жатыр. Бүгін таңғы сағат 4-тен 8-ге дейін тазалау жұмыстарына шамамен 20-ға тарта техника, ал инертті материалдар себу жұмыстарына 12 техника жұмылдырылды.

РКС:Қалалық қызметтер тәуліктік режимде жұмыс істеп жатыр. Сала мамандары ауа райы тұрақталғанша тұрғындардың барынша сақтық шараларын ескеріп, жолдарда абай болуын ескертеді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.