ДИКТОР: Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков қарттар үйіне арнайы барып, мекеме тұрғындарымен кездесті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: «Қарты бар үйдің қазынасы бар»,-дейді дана халқымыз. Алайда сол қазынаның қадірін біле бермейтіндер де аз емес. Бүгінде «Лучи добра» қоғамдық қорының қарттар үйінде тағдырдың түрлі сынағымен жолығып, панасыз қалған 10 қария тұрып жатыр. Олар облыстың әр қиырынан келген жандар. Көпшілігі он жылға жуық осы жерді өз шаңырағындай көріп, тұрақты қоныс еткен.
СНХ: СВЕТЛАНА АЛТЫНЦЕВА, «ЛУЧИ ДОБРА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің мекеме 1993 жылдан бері жұмыс істейді. 12 орынға шақталған бұл әлеуметтік мекемеде 2015 жылдан бері тұрақты мекен етіп жатқан қамқорлықтағы жандар бар. Олардың барлығына өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ұйымшыл әрі мейірімді ұжым қызмет етеді. Мекемеде дәрігер, медбике, арнайы әлеуметтік жұмыс маманы, психолог, екі аспаз, еңбек терапиясының нұсқаушысы және қарттармен күнделікті тікелей жұмыс жүргізетін күтуші қызметкерлер еңбек етеді. Жыл сайын барлық мерекелік шараларда аудан әкімдігі тарапынан ерекше көңіл бөлініп, мекеме тұрғындарына қамқорлық көрсетіледі. Қонақтар әрдайым жылы лебіздері мен сый-сияпаттарын ала келеді. Ал бұл жердегі қарттар үшін жаңа жыл ең ерекше әрі қуанышты мереке. Осы күні аудан әкімі арнайы келіп, қарттарға мерекелік көңіл күй мен жылулық сыйлайды.
РКС: Мерекелік кездесу еркін әрі жылы форматта өтті. Державинск қаласындағы Надежда Крупская атындағы №1 мектеп-гимназиясының оқушылар парламенті белсенділік танытып, қарт жандарға өз қолдарымен үй жағдайында дайындалған тәтті тағамдарын тарту етті. Ал Мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған жаңа жылдық әндерге толы концерттік бағдарлама кештің ажарын аша түсті. Аяз ата мен Ақшақар да қатысып, қарттардың мерекелік көңіл күйін еселей түсті.
СНХ: ЛЮБОВЬ МИРОНОВА, ҚАРТТАР ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: Бізде мерекелер әрдайым тамаша өтеді. Мен мұнда үш жылдан бері тұрамын. Жыл сайын біз осылай жиналып, бірге шай ішіп, ән айтамыз. Айтады ғой, жаңа жылда тілектер орындалады деп. Мен сізге мықты денсаулық пен ұзақ өмір тілеймін.
РКС: Кездесу соңында игі дәстүрге сай сый-сияпат табысталды. Аудан әкімі қоғамдық қор ұжымына тәттілер мен жеміс-жидектерден жасақталған себет ұсынып, қамқорлықтағы әрбір жанға жаңа жылдық сыйлық тарту етті.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ