ДИКТОР: Көкшетаудағы Юрий Гагарин атындағы балабақша 40 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Айтулы мерекеге мекемеде әр жылдары еңбек еткен тәрбиешілер, қалалық білім бөлімінің өкілдері мен ата-аналар қатысты. Қазір балабақшада 250-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Ұжымдағы 70-ке тарта маманның үштен бірі тәжірибесі мол білікті педагог.

РКС: 40 жыл ішінде балабақша 300 мыңнан астам тәрбиеленушіні қанаттандырды. Қазір олардың көпшілігі өңірдің дамуына үлес қосып, әр салада табысты еңбек етуде. Арасында дәрігерлер, ұстаздар мен жұмысшы мамандықтың иелері бар. Ата-аналар мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілерінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалайды. Кей отбасылар бұл балабақшаға бір емес, бірнеше баласын жетектеп әкеліп жүр.

 СНХ: ДАНИЛА РОМАНОВ, АТА-АНА: Бұл балабақшаға алдымен менің үлкен ұлым келген еді. Қазір оның жасы сегізге жақындап қалды. Екінші сыныпта оқиды. Енді үш жастағы кішкентай ұлым келіп жүр, бұл оның алғашқы жылы. Балабақшадан алған әсеріміз ерекше, ең үздік мекеме деп айта аламын. Ұжымның жылы қарым-қатынасы мен жоғары кәсібилігі мені ерекше қуантады. Балабақша өміріне етене араласып, қолөнер бұйымдарын жасауға және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосып жүрмін.

СНХ: ТАТЬЯНА КУЧЕРЯВЕНКО, АТА-АНА: Мұндағы педагогикалық құрам өте білікті. Тәрбиешілер мен қызметкерлер өз жұмысын барынша адалдықпен және жауапкершілікпен орындайды. Балабақшада жүргізілетін іс-шаралар ерекше және есте қаларлықтай өтеді. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Біздің екінші ұлымыз өсіп келе жатыр, болашақта оны да осы балабақшаға беріп, дәстүрді жалғастырғымыз келеді.

РКС: Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемесінде мемлекеттік тілдегі бес, ал 6-ы орыс тіліндегі топ жұмыс істейді. Оқу-тәрбие үдерісінде заманауи педагогикалық технологиялар тиімді қолданылады. Тәрбиешілер кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп, түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр.

СНХ: БОТАГӨЗ СӘРСЕНБАЕВА, Ю. ГАГАРИН АТЫНДАҒЫ БАЛАБАҚШАНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Біздің ұжымымыз мейірімді, тамаша және кәсіби деңгейі жоғары жандарға толы. Бүгінгі 40 жылдық мерейтойда мен әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Оларға мықты денсаулық, мол бақыт, отбасының берекесі мен төзімділік тілеймін. Сонымен қатар, бізге ең қымбаттарын сеніп тапсырған, әрдайым бізбен ынтымақтаса жұмыс істейтін ата-аналарға шынайы ықыласымды білдіремін.

РКС: Балабақша басшысының айтуынша, алдағы уақытта мекемені одан әрі дамыту, материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаңа білім беру әдістемелерін енгізу және тәрбиеленушілер үшін барынша қолайлы, жайлы жағдай жасау жоспарланып отыр.

ИНТЕРШУМ:

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ