ДИКТОР: Өңірдің болашақ құтқарушылар орман және дала өрттерін жасанды интеллекттің көмегімен болжау тәсілін ұсынды. Ғылыми негізделген жобаны Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары таныстырды.
РКС: Өрттерді талдаудың интеллектуалды жүйесі жалынның таралу жылдамдығын автоматты түрде анықтайды. Қосымша әлі де жетілдіруді қажет етеді, дегенмен өртті дәстүрлі әдіспен талдауға қарағанда 30–40 пайызға дәлірек нәтиже береді. Осылайша жаңа технологиялар адамдарды қауіпті төтенше жағдайлардан қорғауға мүмкіндік береді, – дейді болашақ азаматтық қорғаныс офицерлері.
СНХ: РАСУЛ ЕМБЕРГЕН, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Қазақстанда және тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде жыл сайын орман және дала өрттері жиі орын алады. Олар экологияға зиян келтіріп, экожүйелерді бұзады әрі ауаны ластайды. Біз «өрт қаупі бар экологиялық процестерді бақылау үшін жалын динамикасын цифрлық талдау» жобасын ұсынып отырмыз. Ол жалынның таралу жылдамдығын есептеу үшін жасанды интеллект технологияларын қолдануға негізделген. Қазір өрт ошақтарын анықтайтын көптеген технология бар. Ал біздің бағдарлама өртті анықтап қана қоймай, жалынның қозғалысын, яғни таралу динамикасын да бақылайды.
РКС: Курсанттар бұл қосымшаны инновациялық жобалар үйірмесінде әзірледі. Жалын динамикасын цифрлық талдау – қымбат зертханалық датчиктерге тиімді балама. Жас өнертапқыштар өртті нақты уақыт режимінде анықтайтын нейрожелілік детекция әдісін қолданады.
СНХ: РОМАН ИВАЩЕНКО, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Өрт ошағын анықтап, қызыл, сары және ең ашық аймақтарды ажыратады. Өрт аймағын талдап, оның таралу жылдамдығын көрсетеді. Қазір бағдарлама бастапқы тестілеу кезеңінде. Оны газ жанарғысы мен майшам жалынында, сондай-ақ қағазды, ағашты, бенгаль отын жағып сынақтан өткіздік. X және Y осьтері бойынша орналастырып, таралу жылдамдығын есептедік.
РКС: Бұл жобаның аймақ үшін маңызы зор. Өңірдегі мемлекеттік орман қорының аумағы 400 мың гектардан асады. Бұл сала цифрландыру үдерісінен қалыс қалған жоқ. Мұнда жасанды интеллект технологиялары кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазір облыс орман қорының тең жартысынан астамы өрттерді ерте анықтау жүйесімен қамтылған. Алдағы уақытта курсанттардың инновациялық шешімін осы жүйеге енгізу жоспарланып отыр. Қосымша ұшқышсыз ұшу аппараттарына, «ақылды» камераларға және орман алқаптарының ең биік нүктелеріне орнатылатын антенна-діңгек құрылыстарына қосыла алады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ