ДИКТОР: Біржан сал ауданына қарасты Андықожа ауылында жаңа амбулатория ашылды. Жаңа дәрігерлік нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.
РКС: Андықожа ауылында 800-ге жуық тұрғын бар. Бұған дейін олар медициналық көмекті жалдамалы ғимаратта алып келді. Ал шұғыл көмек қажет болған жағдайда, тіпті аудан орталығына жүгінуге де мәжбүр еді. Жаңа медициналық пункттің ашылуы - әсіресе қариялар мен көпбалалы аналардың қуанышын еселей түсті.
СНХ: ГҮЛІМ БАЙДҮЙСЕНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Көптен бері осында тұрамын. Көпбалалы анамын. Ауылымызда осындай керемет бір жақсы оқиға, қуанышты бүгін. Көптен күткен фап ашылып, арманымыз орындалып жатыр. Енді кішкентай балаларыммен осында келеміз, привика аламыз, ауырсақ та жүгіреміз осында. Қуаныштымын расында осындай жақсылық болып жатқанына.
РКС: Медициналық пункт бір ауысымда 40 адамды қабылдай алады. Нысан заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. 5 маман қызмет көрсетеді. Терапевтік, акушерлік, екпе және ем-шара кабинеттері жұмыс істейді. Аудан әкімі ауылдарда алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру басты басымдықтың бірі екенін атап өтті.
СНХ: БАУЫРЖАН ҚАСЕНОВ, БІРЖАН САЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы баршамыз үшін ерекше маңызы бар тарихи сәт. Бұл ел Тәуелсіздігінің игілігі әр ауылға, әр шаңыраққа жетіп жатқан көрсететін нақты белгілі. Жаңа нысан ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызмет алуына жол ашып, аналар мен балалардың денсаулығын қорғауға үлкен үлес қосады. Баршаңызды осы қуанышты күнмен шын жүректен құттықтаймын!
РКС: Жалпы, аймақта ұлттық жоба аясында 38 дәрігерлік нысан пайдалануға берілді. Бүгінде 130 мыңнан астам ауыл тұрғыны сапалы медициналық қызметтің игілігін көріп отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ