ДИКТОР: Көкшетауда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті. Шара қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға, оқушылар мен жастар арасында әділдік пен адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

РКС: Академиялық адалдықты дамыту – білім саласында ғана емес, тұтас қоғам алдындағы маңызды міндет. Жиын барысында білім берудегі адалдық пен әділдікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бүгінде өңірдің білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелік жұмыстар белсенді жүргізіліп, жастардың бойына әдептілік пен парасаттылық қағидаттары сіңірілуде.

СНХ: ТІЛЕУКЕН АХМЕТБЕКОВ, КРАСНЫЙ ЯР № 1 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 2019 жылдан бастап «Адалдық сағаттары» ресми түрде енгізілген болатын. Бұл арада қазақ жазушыларының әдеби шығармаларындағы кейіпкерлердің адалдығы мен әділдігі жайындағы тәрбиені бала санасына жеткізу. Ал 2023 жылдан бері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, биылғы жылы ол «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы болып өзгертілді. Осы бағытта мектебіміз толыққанды жұмыс жасап жатыр. Жалпы 6 жоба қарастырылған. Осы жобалардың ішінде біз еңбек бағытын негізгі басымдық етіп алып отырмыз. Себебі еңбек арқылы адам бойында адалдық, адамгершілік қағидаттар қалыптасады.

РКС: Өңірдегі барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» атты бірыңғай кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Негізгі мақсаты – парасатты, елжанды және салауатты жас ұрпақ тәрбиелеу. Қатысушылар соңғы жылдары тәрбиелік бағдарламалардың арқасында оң өзгерістер байқалғанын айтады.

СНХ: ВАЛЕРИЙ ГАМАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аймақта 523 мектеп пен 27 колледжде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Соның ішінде «Адал Ұрпақ» және «Саналы Ұрпақ» клубтарының қызметі ерекше орын алады. Бұл клубтар жыл бойы жоспарлы түрде жұмыс жасап, өз жетістіктерін жыл сайынғы слёттерде қорытындылайды. Сонымен қатар, адалдық сағаттары, дебаттық қозғалыс сияқты форматтар да дамыған. Дебат алаңдарында жастар заңға бағыну, әділ білім алу, объективті бағалау және оқу барысында әділетсіз әдістерді қолданбау мәселелерін талқылайды, пікір алмасады.

РКС: Парасатты ұрпақ қалыптастыру – жүйелі еңбекті талап ететін ортақ міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ