ДИКТОР: Көкшетауда «Облыстық талантты жастар – 2025» байқауының екінші кезеңі аяқталды. Бұл жолғы сын әскери-патриоттық бағытта өтіп, өскелең ұрпақ арасында отансүйгіштік сезімді, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызын айқын көрсетті. «Ең шапшаң, ең мықты» атануға келген жүзден жүйріктер ептілік пен төзімділікті талап ететін түрлі кезеңдерде бақ сынады. Білегі күшті, жігері мығым жастардың тартысты додасы туралы тілші баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: «Jas Qalqan–2025» әскери-патриоттық ойындары нағыз мықтылар жиналған өзара бақ сынасқан алаңға айналды. Сайыс бес ойыннан тұрды. Алғашқысы ашық көздеуішпен пневматикалық винтовкадан ату. Бұл кезеңде командалардың төрт ойыншысы кезекпен нысанаға дәл тигізуге тырысты. Екінші кезең – 100 метрге спринттік жүгіру. Үшінші кезеңде қатысушылар қол гранатасын нысанаға дәл лақтыру бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Ал төртінші кезеңде қатысушылардың шапшаңдығы мен қол ептілігі сыналды. Олар АК-74 қаруын уақытқа шашып-құрастыру тапсырмасын орындады. Бесінші кезең – тапқырлар сайысы. Бұл бөлімде командалардың логикалық ойлау қабілеті мен жылдам шешім қабылдау шеберлігі сынға түсті.
СНХ: ШЫҢҒЫСХАН ЕЛЕШ, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Біздің байқау дәл қазір екі локация бойынша өтіп жатыр. Іріктелген 7 команда қатысып отыр. Қатысушылардың жас аралықтары 17және 23 жаста. Барлығы Ақмола өңірінің жастары. Көкшетаудан бөлек, Зеренді Шортанды ауданының белсенді жастары келді.
РКС: Барлық қатысушы жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Мергендер де бір-бірінен асып түсіп, өз шеберліктерін айқын көрсетті. Алғашқы әскери дайындық сабақтарында алған білімдерін іс жүзінде дәлелдеген жасөспірімдер әскерге толықтай дайын екендерін байқатты. Қыздар да бұл сайыста ер балалардан еш қалыспай, жоғары нәтиже көрсетті.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ДАРЬЯ ЩУР, «ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ» ҚҰРАМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ: Менің командамда төрт адам бар, ал менің бағытым – мергендік ату. Бұл спортпен ұзақ уақыттан бері айналысып келемін, облыстық деңгейде жүлделі орындар да алғанмын. Әрине, жарыс алдында аздап толқыдым. Қарсыластар да мықты, әсіресе Қазақ педагогикалық колледжінің студенті жақсы дайындалған. Дегенмен, бәрі сәтті өтеді деп сенемін.
РКС: Байқау қорытындысы бойынша 50 мың теңгелік сертификат бірнеше қатысушыға табысталды. "Үздік мерген" номинациясында Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанты Ділназ Нұрғазина үздік шықты. "Желден жүйрік" номинациясын Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Әмір Қажақпаров жеңіп алды. АК-74 қаруын уақытқа шашып-жинауда осы колледждің тағы бір студенті Саян Оразалы оза шапты. Қол гранатасын нысанаға дәл лақтырудан Шортанды ауданынан келген Жеңісбек Хуантхан топ жарды. Ал интеллектуалды ойындарда "Зеренді ауданы" құрамасы үздік деп танылып, 150 мың теңгенің жүлдесін еншілеп қайтты.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ