ДИКТОР: Ерейментау ауданының Күншалғын ауылдық округінде өрт сөндіру пункті ашылды. Аудан бойынша іске қосылған алтыншы бекет шаруашылық серіктестігі базасында құрылып, ерікті өрт сөндіру пункті ретінде жұмыс істейді. Жаңа нысан шалғайдағы елді мекендерге өрт сөндірушілердің жету уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Өйткені әр минут үлкен шығынның алдын алуы мүмкін.
РКС: Жыл басынан бері Ерейментау ауданында 18 өрт тіркелді, соның бірі – табиғи сипаттағы тілсіз жау. Өкінішке қарай, бір адамның өмірін жалмады. Аудан орталығынан қашық орналасқан ауылдардың қауіпсіздігін бұған дейін тек мемлекеттік өртке қарсы қызмет қамтамасыз етіп келген, олардың оқиға орнына жетуі кейде ұзақ уақытты алатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аудан әкімдігі жаңа өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен ашуды жалғастыруда. Соңғы жылдары мұндай бекеттер Олжабай батыр, Еркіншілік, Майлан, Селетинское және Үленті ауылдарында іске қосылды. Енді Күншалған елдімекенінде де өрт сөндіру бекеті пайда болды. Жаңа техника мен жабдықтар өртке жедел әрекет етуге және оның салдарын тиімді түрде жоюға айтарлықтай мүмкіндік береді.
СНХ: ЖАНДОС ЖАРМҰХАНБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінгі күні біздің елді мекендерімізде өрт сөндіру бекеті ашылып жатыр. Бұл өрт сөндіру бекеті министрлікпен қабылдаған ауыл құтқарушы бағдарламасы бойынша ашылып жатыр, елдеріңізде орман өрті,дала өрті және тұрмыстық өрттері болмасын.
РКС: Жаңа өрт сөндіру пункті Ерейментау ауданының қауіпсіздік жүйесіндегі маңызды буынға айналады. Оның жұмысы оқиғаға жедел әрекет ету уақытын қысқартып, бірқатар алыс ауылдық округ тұрғындарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.
ТОМИРИС ИДРИСОВА,ЗАРИНА САПАРГАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ