ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысы бойынша 300-ге жуық есірткіге қатысты қылмыс анықталды. Аймақта есірткі заттарын сату және тарату жолдары өршіп барады. Зиянды заттарға тәуелділіктің алдын алу бағытында облыс аумағында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Зеренді ауданына қарасты Өзен ауылында орналасқан «Сенім» оңалту орталығы бар. Ол жерде нашақорлықтан және тәуелділіктен зардап шеккен 16 азамат ем-дом қабылдап жатыр.
РКС: Аталған орталық 20 жылдан астам осындай жандардың өмірге қайта бейімделуіне себепкер болып отырған орта. Осы уақыт ішінде ішімдікке, есірткі мен синтетикалық зиянды заттарға, ойынқұмарлыққа тәуелділігі бар және өзіне-өзі қол жұмсауға бейім 1000-нан астам жанға психалогиялық қолдау көрсетті.
СНХ: ЗУБИРА САДИРОВА, ЕСІРТКІДЕН ТӘУЕЛДІЛІКТІ ЖЕҢГЕН АДАМ: Мен бұған дейін «Сенім» оңалту орталығында жарты жыл жаттым. Алғашында тек дәмін татып көргім келді. Жай ғана қызығушылықтан басталған дүние ақыры әдетке айналып кетті. Қалай тәуелді болғанымды өзім де байқамай қалдым. Сонымен 2 жыл тұтындым. Синтетикалық есірткілерді қолдандым. Орталықта психолог мамандардан көп қолдау көрдім. Қажетті ақпарат алдым. Осындай қиын жолдан өткен адам ретінде айтарым, өз өміріміз өз қолымызда. Міндетті түрде жаныңа жақын іспен айналысқан жөн. Ббастысы ойды дұрыс арнаға бұру.
СНХ: АЙГҮЛ ӘЛЖАНОВА, ПСИХОЛОГ: Жұмыс барысында біз кешенді оңалту тәсілдерін қолданамыз. Ол ең алдымен әр пациенттің жеке мәселесінің ерекшелігін анықтауға, сапалы диагностика жасауға мүмкіндік береді. Емделушілер толық диагностикадан, жеке консультациялардан және топтық тренингтерден өткеннен кейін ғана мамандар қажетті және ең тиімді емдеу жоспарын таңдайды.
РКС: Қазір орталықта Қазақстанның әр түкпірінен келген 16 емделуші қажетті ем дом алып жатыр. Бірі ішімдіктен арылу үшін келсе, енді бірінің есірткіден құлан-таза бас тартсам деген арманы бар. Қарағанды қаласының тумасы кезінде еліміздің мақтанышы, былғары қолғап иесі Серік Сәпиевпен бір спорт залда бокстың қыр-сырын меңгерген. Қазір есірткіге тәуелділіктің қақпанына түскен шарасыз жан. Өмірінің тоз-тозын шығарған дертпен күресіп жатқан емделуші өзінің жан сырын ақтарды. Менің уайымдаған анам, онкологиямен сырқаттанып қалды. Тіпті анамның мүшкіл халі де мені тоқтатқан жоқ,-дейді ол.
СНХ: ЕМДЕЛУШІ: Анамның өмірінің соңғы сағаты қалғанын біле тұра, мен есірткіні таңдадым. Адамдарды тұтқынға алып, пышақпен қорқыттым. Өлтіріп те тастауым мүмкін еді. Бәрі де өз бақылауымда сияқты көрінетін. Ал шындығында есірткіні сен емес, ол сені басқарады. Ол өміріңе балта шабатын кесел. Ең бастысы көмек сұраудан арланбау керек. Ертең, одан арғы күні қоямын деу құр әурешілік. Есірткінің құрығына 17 жасымда ілінсем, қазір жасымның 40-қа қалай келгенін білмей де қалдым.
РКС: Есірткі жас талғамайтын әлеуметтік дерт. Ішімдік, лудомания, темекі, синтетикалық есірткі сынды зиянды заттардан жастардың бойын аулақ ұстаудың тиімді жолдарын бүкіл қоғам болып түсіндіру маңызды.
СНХ: ДАРХАН СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Жыл басынан бастап есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған 1300-ден астам түрлі-түрлі іс-шаралар жүргізілді. Оның ішінде атап өтетін болсақ спорттық іс-шаралар, лекциялық дәрістер жазғы каникул аралығында Зеренді, Бурабайда орналасқан лагерьде түрлі іс- шаралар жүргіздік. Сонымен қатар, оқу жылы басталғаннан бастап облыс аумағында барлық жоғары білім беру мекемелерінде және колледждерде. Одан қалды орта білім беру мектептерінің 9,10,11 сынып арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары және дәрістер жүргізілуде.
РКС: Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 370 келіден артық есірткі затын тәркіледі. Оның 18 келісі марихуана, 10 келіден артығы синтетикалық есірткі. Бүгінде мемлекет әлем дертіне айналған әлеуметтік мәселеге ерекше назар аударып отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ