ДИКТОР: Бүгін Көкшетауда Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жылының қорытындысы шығарылды. Шараға этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды. Ел бірлігі жолында еңбек еткен белсенділер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына, сондай-ақ Ассамблеяның медальдарына ие болды. Кездесу «Бірлік пен келісімге 30 жыл» атты республикалық телемостпен жалғасты.

РКС: Ақмола облысы әкімдігінде этномәдени орталықтардың елуден астам өкілі, бірлестіктер мен өзге де ұйымдардың басшылары бас қосты. Олар күн сайын елдегі бірлік пен келісімді сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Кездесуге облыстық көпсалалы ауруханасы неврология бөлімшесінің меңгерушісі Макшарип Мартазанов та қатысып, бүгін Мемлекет басшысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

СНХ: МАКШАРИП МАРТАЗАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ НЕВРОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Көкшетаудағы көпсалалы облыстық аурухананың ұжымы көпұлтты әрі үлкен. Біздің бөлімде де солай. Мұнда дәрігерлер де, медбикелер де, санитарлар да жұмыс істейді. Ұлттық бірліксіз жоғары нәтижеге жету және сапалы қызмет көрсету мүмкін емес. Әсіресе, науқастарға көмек көрсетуде бұл өте маңызды. Ұжымда қарым-қатынас дәл осы ұлттық өзара түсіністік принципі бойынша құрылса айтарлықтай оң нәтиже береді.

РКС: Ассамблеяның мерейтойлық жылы аясында өңірде шамамен 5 мың шара ұйымдастырылып, оған жүз мыңға жуық адам қатысқан. Бұл жобалар этностар арасындағы келісімді нығайтып, қоғамдағы бірлікті арттырады. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясында түрлі бағыттар мен клубтар жұмыс істейді. Соның бірі – Аналар кеңесі. Аталған кеңес аналардың қоғамдағы ролін күшейтуге, отбасы мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған ерекше ұйым.

СНХ: АЙНҰР ЖАХИНА, ОБЛЫСТЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Бүгінгі қоғамдағы өзекті, ауқымды мәселелердің бірі ол «Салауатты сана» жобамыз бар. Бес кеселге байланысты. Бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған сұрақтардың бірі – қазіргі жастардағы ұлтаралық қатынастар. Біз әрбір баланы болсын, әжелерімізді болсын, ұлттарына қарай бөліп жатқан жоқпыз. Әрбір ұлт өкілдеріне, әрбір этностарға байланысты бұл кісілердің Рухани ұлттық кодын сақтап жатырмыз.

РКС: Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ассамблея тағы бір пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Аймақтағы өндіріс орындарында Ассамблеяның бөлімшелері ашылады.

СНХ: ВАЛЕРИЙ МАНАЧИНСКИЙ , ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ «ЖОМАРТ ЖАН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ: Біздің зауытта шамамен 200 адам жұмыс істейді. Ұжымымыз көпұлтты. Мемлекеттік және ұлттық мерекелерді біз бәріміз бірге атап өтеміз. Дәл осы ынтымақтастық бізге қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарға үлес қосуға, көмектесуге серпін береді. Сонымен бірге, бұл біздің ұжымның көпұлтты әрі дінаралық татулықты сақтауға деген берік ұстанымын көрсетеді. Мүмкін, дәл осы қасиеттеріміз үшін біздің ұжым осындай марапатқа ие болған шығар.

РКС: Шара барысында қатысушылар «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» республикалық телекөпіріне қосылды. Бұл кездесуде аналар мен ақсақалдар кеңестерінің, жастар ассамблеясының, сондай-ақ өңірлік этномәдени бірлестіктердің белсенді жұмысы ерекше атап өтілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы - келісім мен сенімнің кезеңі ретінде бағаланды. Елде осы мерейтой аясында халық арасындағы бірлік, өзара сыйластық пен достық мерекеленді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ