ДИКТОР: Көкшетауда полицейлер «Үлгілі жүргізуші» республикалық акциясына қолдау білдірді. Көлік тізгінін ұзақ жыл жауапкершілікпен басқарып, бірде бір рет жол ережесін бұзбаған автокөлік жүргізушілері марапатталды. Салтанатты рәсім полиция департаменті жеке құрамының қатысуымен өтті.

РКС: Салтанатты шараға облыстың ең тәртіпті көлік жүргізушілері шақырылды. Олардың әрқайсысы жолдағы қауіпсіздік ең алдымен жауапкершілік пен құрметтен басталатынын өз үлгілерімен дәлелдеп келеді. Полицейлер олардың жоғары азаматтық үлесін ерекше атап, мінсіз жүргізу мәдениеті үшін алғыс білдірді.

СНХ: ЕРЖАН ҚОШҚАРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Жол қозғалысы ережесін мұқият сақтайтын жүргізушілер жолда әрдайым қол ұшын беруге әзір тұратын жандар. Адам өмірін сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосады. Жол қауіпсіздігі – тек полиция мен мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес, ол тұтас қоғамның ортақ міндеті.

РКС: Марапат алғандардың бірі – Манарбек Мұхамеджанов, Көлік тізгіндегеніне 17 жылдан асқан. Отбасымен жолда тәртіп сақтауды игі дәстүрге айналдырған.

СНХ: МАНАРБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ: Департамент полицияға да рахмет, мына бізді шақырып отқан. Үлгілі жүргізуші деген жоғарыда айтылғандай. Семейный династия нарушения жасамаған. Балама да сондай үлгілі жүргізуші болуға айтып отырамын. Барлығыңыз да жолда сақ болыңыздар, нарушать етпеңіздер,сонда бәрі жақсы болады.

РКС: Қоғамдық көлік жүргізушілеріне де ерекше назар аударылып, алғыс айтылды. Жүргізушілердің кәсібилігі мен жауапкершілігі өңірдегі жол-көлік оқиғаларының азаюына және жолдардағы жағдайдың жақсаруына ықпал етеді,-дейді құқық қорғаушылар.

МӨЛДІР ЕЛЕМЕСОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ