ДИКТОР: Ақмола облысында еліміз бойынша бірегей тау-кен комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа кәсіпорын жылына 90 мың тонна байытылған каолин өндірмек. Сондай-ақ, жаңа комбинат жаңа 90 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деген болжам бар. Маңызды жобаны «Qazaq Kaolin» компаниясы жүзеге асырып жатыр.
РКС: Тау-кен комбинаты Зеренді ауданындағы Алексеевка кен орнында орналасқан. Бұл кен орны - әлемдегі ең ірі каолин қорының бірі. Жаңа кәсіпорынның жоспарланған қуаттылығы жылына 90 мың тонна. ОЛ келер жылы іске қосылады деген жоспар бар. Жоба құны - 11,5 млрд теңге, оның 9 млрд теңгесі инвесторлар есебінен қаржыландырылып отыр. Сондай-ақ, компания жеке инвестиция есебінен энергия инфрақұрылымын жаңартып, қосалқы станцияға 650 млн теңгеден астам қаражат салған. Айта кетейік, жоба индустриялық картаға енгізілген және еліміздегі бірегей каолин байыту комбинатына айналмақ.
СНХ: МАРАТ ХАСЕНОВ, «QAZAQ KAOLIN» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Жобаның мақсаты – каолин шикізатын өңдеу арқылы жылына 90 мың тонна байытылған каолин алу. Бұл өнім құрылысқа және салалық кәсіпорындарды дамытуға қажет. Біз Қазақстандағы каолин шикізатын өңдейтін және байытылған каолин шығаратын жалғыз фабрика боламыз. Сонымен қатар, жоба санфаянс, керамика, цемент өндірісі үшін қажетті өнімдер мен құрылысқа және шыны өндірісіне жарамды кварцты құмдарды алу кластерін құруға бағытталған.
РКС: Қазір құрылыс қарқын. Оған шамамен 100 адам жұмылдырылған. Технологиялық жабдықтар Германия мен Қытайдан жеткізілген. Барлық жұмыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде.
СНХ: АБАЙ АСАЙЫНОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Іргетасын қалау жұмыстары толық аяқталды, ғимараттың металл-конструкциялары орнатылды. Қазір сэндвич-панельдері монтаждалып жатыр. Сонымен қатар, технологиялық жабдықтар да қатар орнатылуда. Жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. 2026 жылдың маусым айында іске қосуды жоспарлап отырмыз.
РКС: Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында өндірісті дамыту мен инвестиция тартуды басты бағыт ретінде айқындады. Ал бұл жоба елімізде экологиялық таза және экспортқа бағытталған өндірістерді құру саясатына толық сәйкес келеді. Бұл өз кезегінде тек өңірдің ғана емес, еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКША АҚПАРАТ