ДИКТОР: Биыл арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 30 жыл. Осыған орай Көкшетау қаласында мерекелік шара өтті. Әріптесім Динара Нұрмұханова баяндайды.
РКС: Бұл ұйым «AMANAT» партиясымен біраз жылдан бері тығыз байланыста. Бірлескен жобалар аясында ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар мен олардың ата-аналарына қолдау көрсетіліп, көптеген игі істер атқарылды.
СНХ: АҚМАНАТ ӘЛІМБЕТОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің AMANAT партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы бар, бірлесіп бірнеше іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз, баршаңыздың көбі маған таныс, бірге жұмыс жасап жатырмыз, осы жұмысымыздың жемісін көрейік. Алдағы жұмыс оңынан болсын. Балаларымыз өзіміз барып көреміз ғой ерекше қамқорлыққа ие болып отыр, ата-аналар ерекше үміт күтіп отыр, осы балаларымызға үкімет тарапынан қамқорлық көріп отыр бұл балалар.
РКС: Мекеме 1995 жылы құрылған. Қазіргі таңда мұнда арнайы 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Орталықтың басты миссиясы – мүмкіндігі шектеулі балаларға, соның ішінде даун синдромы, аутизм, психологиялық және тілдік дамуы кеш жетілген балаларға кешенді көмек пен қолдау көрсету. Осы мақсатта орталықта балалардың әлеуметтік бейімделуіне, әлеуетін дамытуына және қоғамда орнығуына жағдай жасалған.Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға өмір сүруге, білім алуға, оңалту мен үздіксіз сүйемелдеуге қолайлы, қолжетімді әрі қауіпсіз орта қалыптасқан. Аталған мекеме жұмыс үдерісін жаңғыртып, тиімділігін арттыру үстінде.
СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Орталықта 141 қызметкер жұмыс істейді. Қызмет алушылар саны 68. Стационарда 47 бала, ал 20 бала күндізгі бөлімге келеді. 1 қаңтардан бастап біз адам басына шақталған қаржыландыру жүйесіне көштік. Бұл жаңа жүйе – қызметтің нақты көрсетілгеніне қарай бағаланып, есептелетінін білдіреді. Әр қызметкер күнделікті атқарған жұмысын белгілеп, тіркеп отырады. Осы арқылы біз қызметтің сапасын айқын, нақты көре аламыз.
РКС: Бұл орталықтың қызметкерлері – жүрегі мейірімділік пен жылылыққа толы, жоғары кәсіби жандар. Олар күн сайын нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп жүр. Әр баланың бір қадам алға басуына, сөйлеп үйренуіне, күлуіне, сенім артуына, өмірден ләззат алуына көмектеседі. Орталық мамандарының барлығы ерекше балалардың әркез жанында. Бұл мекеме ата-аналар үшін нағыз тірек ұйымға айналып отыр.
СНХ: КҮЛЗИПА ХАМЕТОВА, АТА-АНА: Немеремнің жасы 10-да. 4 жасынан бастап осы орталыққа келіп жүр. Мейрамға орай орталықтың басшылығына және қызметкерлеріне көрсетіп отырған қамқорлығы мен қызметтері үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Мамандар балаларға өз туғанындай қарайды. Немерем орталыққа тез үйреніп кетті, мекемеге үйге барғандай барады. Бұрын алғашқы бетте барғысы келмей жылайтын. Ал қазір табалдырықттан аттағаннан-ақ қуанады. Қызметкерлердің барлығы өте мұқият, әр балаға жеке көңіл бөледі. Қазір ол орталыққа күндізгі бөлімге барып жүр.
РКС: Мерекелік кеш аясында орталық қызметкерлері адал еңбегі, кәсібилігі, жауапкершілігі және ісіне адалдығы үшін арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Қазір облыс бойынша дәл осы бағытта жұмыс істейтін 10 ұйым бар. Олардың әрқайсысы мерекелік концерт аясында ұйымдастырылған көрмеге өз қолдарымен жасаған бұйымдарын қойып, көпшілік назарына ұсынды.
ИНТЕРШУМ:
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ