ДИКТОР: Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен инфрақұрылымды қорғау мақсатында Ақмола облысының бірқатар елдімекенінде көктемгі су тасқының алдын-алу шаралары жалғасып жатыр. Мәселен, Дамса ауылындағы су жіберетін шлюз жаңғыртылуда. Шортанды ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Марат Ахметжанов су жіберетін шлюздың жұмыс барысын бақылап, жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді. Әріптесім Лаура Дәулетбек баяндайды.
РКС: Дамбаның ұзындығы 1 мың метр. Жоба құны 1 млрд теңгеден астам. Су жіберетін шлюздің жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталғанша уақытша дамба салынып, өзен суын ұстап тұр. Қазір жұмыстың 95 проценті аяқталған. Бұл нысан аяқталса су тасқынының алдын алуға үлкен септігін тигізбек.
СНХ: ДАНИЯР АХМЕТ, МЕРДІГЕР: Негізі техниканың саны шамамен 5-9 арасында. Өйткені, бізде самосвалдар келіп, кетіп отырады. 19 жұмысшыларымыз бар. Қазір мына затворымыздың монтажы жүріп жатыр. Бетондық жұмыстар 95 пайыз аяқталуда. Бетондық жұмыстар аяқталған соң дамбаны қайтадан орнына келтіріп 15-ші ақпанға дейін бітіруге тырысамыз. Жұмыстың барлығын аяқтағаннан кейін уақытша қойған дамбамызды қайтадан аламыз.
РКС: Бұдан соң аймақ басшысы 100 жастағы еңбек ардагері Георгий Тепляковпен кездесті. Георгий Константиновичтің отбасы 1933 жылы Шортанды ауданына көшіп келген. Ардагер еңбек жолын 16 жасынан бастаған. Бір ғасырдың куәгері қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағы үшін сарп етті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Кейін облыс әкімі Шортанды ауданының тұрғындарымен кездесті. Жалпы, биыл елдімекеннің негізгі салаларында өсім байқалады. Аудан бойынша орташа жалақы 419 мың теңге шамасында. Бұл облыс бойынша жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, биыл Шортанды ауданының диқандары үшін "Кең Дала 2" бағдарламасы аясында былтырғы жылмен салыстырғанда қаржы есебі 4 есеге артқан.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Былтыр 4 миллиард 100 миллион алса, биыл мемлекеттен 19,5 миллиард теңге алды. Сонымен қатар, лизинг бағдарламасының арқасында 75 ауыл шаруашылығы техникасы мен 7 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай алынды. Аудан егін жинау науқанында 339 мың тонна астық жинады. Орташа өнімділік 17 центнерден. Бұл Шортанды ауданы үшін рекордтық көрсеткіш.
РКС: Сонымен қатар, кездесу барысында аймақ басшысы қуанышты жаңалықпен бөлісті. Шортанды ауданында ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдейтін зауыт салынбақ. Бұл кәсіпорынды қытайлық компания салып, ауданның дамуына 1 миллиард доллардан астам инвестиция құймақ. Айта кетейік, қытайлық компания 17 өңірден дәл осы Шортанды ауданын таңдап отыр.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл зауыт арқылы Шортанды ауданының тұрғындары үшін 1 мың тұрақты, әрі жоғары жалақылы жұмыс орнын ашылмақ. Кәсіпорында тек жергілікті адамдар жұмыс істейтін болады. Қазірдің өзінде бірқатар елдікеменмен келісім-шартқа отырдық. Атап айтқанда, Еуропа елдеріне, Оңтүстік-Шығыс Азияға және Таяу Шығысқа Шортанды ауданындағы терең өңдеу зауытының өнімдері экспортталады.
РКС: Жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытын дамыту үшін 19,2 млрд.теңге инвестиция тартылды. Бұл қаржы тікелей ауданның бюджетіне түсіп, елдімекеннің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жұмсалып отыр. Облыс басшысы Марат Ахметжанов аудан әкімінің жұмысын оң бағалады. Сонымен қатар, ауданда алтын өндіру көлемі де артып келеді. Осылайша, өңір ел қазынасын да толықтыруда.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Сіздердің, халықтың тұрмысын жақсартатын көзі салық. Оны ешкім қалтасына салып, арқалап алып кетпейді. Осы жерде қалады бәрі. Осы халықтың игілігіне пайдаланады, жұмсалады. Салықтан осы зейнетақы, осы мүгедек адамдарға жәрдем содан беріледі. Көпбалалы аналарға жәрдем содан береміз. Оны ұмытпауымыз керек. Біз Конституция бойынша әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан осы жинаған салықтың бәрін осы мұқтаж адамдарға береміз. Сондықтан салықты түсіру жергілікті әкімнің ең басты міндеті.
РКС: Шортанды ауданы айтарлықтай дамып, көркеюде. Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ