ДИКТОР: Дәстүр бойынша қазан айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл күн өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек пен қолдау көрсететін жандарға арналады. Осыған орай облыс орталығында салтанатты шара өтті.

РКС: Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік салаға айырықша назар аударып, азаматтарды қолдауда әділдік пен атаулылық қағидатының маңыздылығын атап өтті. Осы міндеттерді күн сайын жүзеге асырып жүрген – әлеуметтік қызметкерлер. Олар ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға көмек көрсетеді. Кәсіби мерекелерімен әлеуметтік қызмет өкілдерін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова құттықтады.

СНХ: АЛТЫНАЙ ӘМІРЕНОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Құрметті әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері, әріптестер! Бүгінгі іс-шара – әрқайсыңызға өз ісіңізге деген адалдығыңыз, сабырлылығыңыз бен адамдарға деген қамқорлығыңыз үшін шын жүректен алғыс пен ризашылық білдіретін тамаша мүмкіндік. Сіздер күн сайын азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғап, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсетіп, қолдау мен үміт сыйлап келесіздер. Әлеуметтік саладағы жұмыс кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар кең жүрек пен мейірімділікті талап етеді.

РКС: Іс-шара барысында әлеуметтік саланың дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар маман Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен, мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. «Шапағат», «Еңбек ардагері» медальдары мен «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгілері өз ісінің үздік өкілдеріне табысталды. Сондай-ақ «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» және «Үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауларының жеңімпаздары да марапатталды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ӘЙГЕРІМ БЕЙСЕНБАЕВА, «ЕҢБЕК МОБИЛЬДІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕРІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ: Менің басты қағидам – адамның шектеуін емес, мүмкіндігін көру. Мен республика бойынша «Еңбек ұтқырлығы орталығының үздік қызметкері» ретінде номинацияны жеңіп алдым. Бұл – біздің мансап орталығының үлкен мақтанышы деп білемін. Еңбегімнің жемісі. Қазіргі таңда жұмыспен қамту және үлестіру бағдарламаларының басқармасымен бірге жаңа реформаларды іске асырып жатырмыз. Барлық әріптестерімді келіп жеткен мерекемен құттықтаймын!

РКС: Іс-шара аясында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызмет алушылары мен қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырды. Кеш барысында әндер шырқалып, музыкалық нөмірлер қойылып, алғысқа толы жылы лебіздер айтылды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: УЛЬЯНА ШАВУЛЯК, ҚАМҚОРЛЫҚТАҒЫ ӘЙЕЛ: Мен Жолымбет кентіненмін. Баршаңызды осы тамаша мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің қамқорлықтарыңызға, мейірімдеріңіз бен сүйіспеншіліктеріңізге зор алғыс білдіремін.

РКС: Бүгінде өңірдің әлеуметтік қорғау саласында 2,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар күнделікті еңбегі арқылы халықты жұмыспен қамтуға, жұмыссыздықты азайтуға және арнайы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ