ДИКТОР: Ақмола облысының жас спортшысы Екатерина Михайленко Бахрейн Корольдігінде өткен ІІІ Жасөспірімдер Азия ойындарында ұзындыққа секіруден қола жүлдеге ие болды. Жеңімпазды туған-туыстары, бапкерлері және спорт мектебінің өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Екатеринаны жеңіл атлетикаға әпкесі төрт жасында алып келген. Дарынды спортшының бойынан болашақ чемпионды байқаған бапкері Алмагүл Әділова оны өз қарамағына алды. Бүгінде Екатерина – №1 облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Азия ойындарында ол ұзындыққа секіруде 5 метр 74 сантиметр нәтижемен Қытай мен Солтүстік Корея спортшыларынан кейін үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ үш қарғып секіруде 11,96 метр нәтижемен бесінші орынға тұрақтады.

СНХ: ИВАН МИХАЙЛЕНКО, ЖЕҢІМПАЗДЫҢ ӘКЕСІ: Мұндай елеулі жеңіс тек Қазақстанның ғана емес, шетелдің рингінде де орын алды. Бұл сапар қызымның екінші халықаралық жарысы. Спортқа деген алғашқы қадамы, яғни жүгіру, секіру секілді дағдылары үш жасынан басталды. Үнемі жүгіру, турникке тартылу, дөңгелектерден секіру сияқты жаттығулармен бірге айналыстық. Жиеніміз, өңірге белгілі Анастасия Камановичпен бірге, жай ғана балалар ойыны ретінде бірнеше рет айналысып, қызығушылық таныта бастаған. Бапкер Алмагүл Әлібекқызы оның бойынан болашақ чемпион болуға лайық қасиеттерді көрген.

РКС: Айта кетейік, 15 жастағы жеңіл атлетші 2024–2025 жылғы маусымда ұзындыққа секіру мен үш мәрте қарғып секіру бойынша республикалық және халықаралық жарыстарда 13 медаль жеңіп алды.

СНХ: ЕКАТЕРИНА МИХАЙЛЕНКО, ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: Әрине, деңгей әлдеқайда жоғары болды. Дайындық та, қарсыластар да мықты, балалар өте күшті, сондықтан бәсекелестік те жоғары болды. Бірақ бастысы, жүйелі жаттығу жасап, психологиялық тұрғыдан дайын болсаң, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Жаттығулар негізінен манежде өтті, дайындықтар жоспарлы түрде жүргізілді. Біз біртіндеп жаттығып, шынықтық деп ойлаймын, және бұл нәтиже жақсы деп есептеймін. Бұл менің жеке рекордым. Бапкерім екеуіміз разымыз, бастапқыда осы нәтижеге тіпті үміттенбеген едік.

РКС: Көкшетаулық спортшының мансабындағы келесі маңызды белес – 2026 жылы Сенегалдың Дакар қаласында өтетін жазғы жасөспірімдер олимпиадасы. Екатерина халықаралық деңгейдегі өзге де жарыстарға дайындалып, Қазақстан атын әлемдік аренада тағы да лайықты көрсетуге ниетті.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ