ДИКТОР: Жыл соңына дейін өңірде 34 сақалды құрылыс аяқталмақ. Енді жобаларды бірнеше жылға созбай, бөлінген қаржы аясында уақытылы бітіру міндеті қойылып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Марат Ахметжанов жергілікті журналистермен кездесуде айтты. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері әлеуметтік нысандар мен ауыл шаруашылығын қаржыландыру, талантты жастарды қолдау мәселелерін көтерді. Бұған қоса, қоқыс өңдеу және қаладағы ескі жеке тұрғын үй секторына қатысты түйткілдер талқыланды.

РКС: Облыста алдағы үш жылға арналған бюджет бекітілді. Қаражаттың тапшылығы мен маңызды жобаларды айта келе, аймақ басшысы Марат Ахметжанов «сақалды» құрылыстан бас тарту қажеттігін атап өтті. Қаражаттың жетіспеушілігі жасырын емес. Дегенмен, осы кемшіліктерді ескере отырып, ең алдымен басталған құрылыс нысандарын аяқтауға басымдық берілмек.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Облыс бойынша, 52 әлеуметтік нысан бар екен, бұрыннан келе жатқан. 78 млрд тапшылығы бар. Оның жаңағындай 52-н биыл 21 бітірдік. Осындай жобаларға біраз қаражат жұмсадық. Жылдың аяғына дейін тағы да бізде 15 осындай нысан бар. Ол 19-шы-20-шы жылдағы келе жатқан ФОКтар, соларды аяқтаймыз. Соның бәрін қосқанда, біз 34 бұрыннан келе жатқан нысанды, созбалыққа салынған нысандарды сол осы бюджеттен қаржыландырып аяқтап отырмыз.

РКС: Бұған қоса, қаланың көркін бұзатын, қаңырап тұрған ғимараттар да көпшіліктің алаңдаушылығын туғызып отырғаны шындық. Мәселен, қала тұрғындарының бірі ТikTok әлеуметтік желісінде Абылай хан даңғылы мен «Радиозавод» аялдамасының жанындағы ескі ғимаратқа қатысты жазба жариялаған еді.

ШУМ: Почему это никому не надо? Зайду, посмотрю. Это жесть какая-то просто.

РКС: Ал мұндай ғимараттардың бас жоспар бойынша реттелетіні туралы Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Кумпекеев былай түсіндірді:

СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл 13,5 гектар аумақ жеке меншікке тиесілі. Қазір жер иесімен келіссөздер жүргізілуде. Жоспар әзірленді. Ол жерге көппәтерлі тұрғын үй кешені мен 300 орынға шақталған мектеп салу жоспар бар. Ал осы аумақты абаттандыру бойынша Марат Мұратұлының тапсырмасымен Қылшақты өзенінің бойын дамытуға қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Келер жылы осы жұмыстың бір бөлігін бастау жоспарлануда.

РКС: Көкшетауда Көпа көлінің жағалауын абаттандыру жалғаспақ. Сондай-ақ Сарыарқа шағын ауданында да ауқымды өзгерістер орын алады. Жуырда мұнда жаңа спорт сарайы пайдалануға беріледі. Келер жылы жол салынып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек. Ал 2027 жылы көпсалалы аурухана қолданысқа беріледі деген жоспар бар. Бұған қоса, жылу-электр орталығына Сарыарқа шағын ауданы бірінші қосылады. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов аталған жобалар бойынша жұмыстың жоспарлы әрі жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ