ДИКТОР: Облыста мәслихат депутаттарының бос орнына қосымша сайлау науқаны өтті. Дауыс беру Ақкөл, Зеренді және Целиноград аудандарында ұйымдастырылды. Депутаттық мандат үшін 12 кандидат бақ сынады. Олардың үшеуі — саяси партиялардың өкілдері, ал негізгі бөлігі — өзін-өзі ұсынғандар.
РКС: Сайлау науқанына барлығы 21 сайлау комиссиясы қатысты. Дауыс беруге жалпы 2 368 ақмолалық келді. Сайлауға жастар да белсенді атсалысты — 18 бен 34 жас аралығындағы 1 728 сайлаушы, яғни жалпы дауыс бергендердің 28 проценті. 14 сайлау учаскесінде барлығы 61 дауыс беру кабинасы орнатылды. Олардың жартысынан астамы — жаңа, заманауи үлгідегі кабиналар.
СНХ: ҚАЙЫРБОЛАТ ОСПАНОВ, АУДАНДЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Аудандық мәслихат депутатын сайлау науқанын өткізіп жатырмыз. Тізім бойынша 355 сайлаушымыз бар. Сағат 9:30-дағы мәлімет бойынша, 35 сайлаушы дауыс берді, бұл жалпы дауыс берушілердің 10 проценті. Сондай-ақ биыл жаңа дауыс беру кабинасының сынақ нұсқасын қолданып жатырмыз, құпия дауыс беру тәртібі толық сақталуда.
РКС: Дауыс беруге азаматтардың барлық санаттарының өкілдері қатысты. Ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылар үшін де жағдай жасалған. Мәселен нашар көретіндерге арналған трафареттер, сондай-ақ кандидаттар туралы аудиороликтер мен ақпараттық парақшалар дайындалды.
СНХ: ИМАНБАЙ РУСЛАН, ҚАНАЙ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы Қанай би ауылының тұрғынымын. №563 учаскеге дауыс беруге келдім.
РКС: Дауыс беру барысын бақылаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелері қадағалады. Сайлау ашық және заңбұзушылықсыз өтті. Ақмола облысының тұрғындары өз таңдауларын жасап, белсенді азаматтық ұстаным танытты. Дауыс беру қорытындылары барлық бюллетеньдер толық өңделгеннен кейін жарияланатын болады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.