ДИКТОР: Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған терең тамырлы тарихымыз – ұлт рухының мәңгілік қайнары. Сол тарихтың өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Біржан сал ауданына қарасты ауылдарда зерттеуші, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының «Абылай ханның қара жолы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Шараның негізгі мақсаты – ел бірлігі мен ерлігін ту еткен ұлы ханның өмір жолын насихаттап, жастар бойында ұлттық рух пен патриоттық сезімді қалыптастыру.
РКС: Шара оқушылардың өнерімен өрнектелген концерттік бағдарламамен ашылды. Одан кейін қатысушыларға 2018 жылы Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен өткен «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты кең көлемді экспедиция туралы деректі фильм ұсынылды. Айта кетейік, Халықаралық мәдени-рухани сапар барысында қатысушылар 10 мыңға жуық шақырымды жүріп, елдің 24 қаласы мен жүздеген елді мекенін аралап, Абылай хан ізін қалаған тарихи және киелі орындардан тың деректер жинаған. Жиналған мәліметтердің негізінде тарихи саяхат қағаз бетіне түсіп, кітап болып басылып шықты. Бүгінгі іс-шарадан үлкен әсер алған оқушылар мен мұғалімдер мұндай кездесулердің олардың рухани дүниесін байытып, ұлттық тарихқа деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін күшейтетінін айтты.
СНХ: ӘСЕМГҮЛ БАРБОЛОВА, ШӘРӘПИ ӘЛЖАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ: Біздің мектебімізде Мұрат Қажы Ыдырысұлының бастауымен үлкен бір тарихи танымдық бір кеш өтіп жатыр. Өте жақсы қатты әсердеміз. «Абылай ханның қара жолы», «Абылай ханнан Төныкөкке дейін» деп аталатын ағайдың еңбектері бұл енді өзіміздің ауылымыздың жүріп өткен, Абылайдың жүріп өткен қара жолы ғой. Бұны оқушылар барлығы біледі. Міне сол жаңағы деректі фильмге нақты өз көздерімен көріп, саналарына түйіп, көптеген ақпарат алды деп ойлаймын.
СНХ: ДАРИҒА ТАШЕВА, ШӘРӘПИ ӘЛЖАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Міне біздің мектебімізде үлкен шара өтіп жатыр, бұл біздің тарихымызды үңілтіп жатыр. Ағай өзінің экспедициясымен таныстырып, қандай қызықтар болғанын, сондай өзінің ақпараттарымен бөлісіп жатыр, бұл біз үшін өте әсерлі жағдай.
РКС: Экспедиция мүшелері таныстырылым барысымен Құдықағаш елді мекеніне де ат басын бұрды. Автор тыңдармандарды ерекше қызықтырған баяндамасында кітаптың жазылу тарихына тоқталып, экспедиция кезінде көзбен көріп, көңілге түйген тың деректерімен бөлісті. Ал оқушылар мен ұстаздар автормен сұхбаттасып, ел тарихы мен мұрасы туралы терең әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, Абылай хан дәуірімен тұспа-тұс киелі орындарды аралап, тарихи ескерткіштердің мәні мен маңызын тереңінен зерделеді. Экспедиция мүшелерінің сөзіне сүйенсек, дәл осы маңнан Абылай ханның қара жолы өткен. Біз жол бойында орналасқан көне қорымға барып, тарихи орынмен таныстық. Бұл жерде сол дәуірдегі қазақ сарбаздары жерленген, ал қазір бұл орын – ел тәуелсіздігі жолында жанын қиған бабалар рухына тағзым ететін киелі мекен. Байгебек қажы мен Салық молланың басына барып, олардың рухына құран бағышталды.Адамдардың айтуынша, қос тұлға өздерін осы жерге жерлеуді аманат еткен екен.
СНХ: МҰРАТ ҚАЖЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, «АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ҚАРА ЖОЛЫ» АТТЫ КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ: Абылайханның қара жолында Мұхамеджансалық әулие қойылған. Оқығаны көп адам болған. Бұл кісі қайтарында өсиет етіпті, мені Абылайханның қара жолы бойына қойыңдар деген.
СНХ: ЖАМАЛ СМАҒҰЛ, СӘУЛЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жөкейден Мамайға дейінгі жолды маған жобалап көрсеткен. Сонда бабам жаңағы құдықтарды сол Абылайханның қара жолының бойынан өткен адамдар сусынын қандырсын деп жасаған екен. Жаңағы құдықтың бойының жолынан өткен адамдардың аттарының тұяғына тимесын деп Жөкей көлінен Мамай көліне дейінгі жерді тастан тазартқан.
РКС: Абылай хан – үш жүздің басын қосып, қазақ даласын бірлікке шақырған, ел тәуелсіздігі мен бірлігін сақтау жолында өмірін арнаған дана хан. Мұндай қазақ батырларының ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс, керісінше ұлықталуы керек. Көшпенділер мәдениеті мен тарихын дәріптейтін, ортақ бай мұрамызды көрсетіп, ата-бабаларымызбен мақтануға мүмкіндік беретін кітаптар мен деректі фильмдер шығару – елдің рухани дамуы мен ұлттық сананы сақтаудың басты кепілі.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ