ДИКТОР: «Оқжетпес» стадионында Қазақстан Премьер-лигасының соңғы матчы өтті. Өз алаңында ойнаған көкшетаулықтар жанкүйерлерін тартымды әрі нәтижелі ойынмен қуантты.
РКС: Ойын алғашқы минуттардан-ақ нәтижелі басталды. 7-минутта «Тұран» командасының ойыншысы Велджко Трифунович есеп ашты. Араға бірнеше минут салып, «Оқжетпес» есебін теңестірді — Срахиня Йовановичтің соққысынан кейін бағанадан қайтқан допты Дәурен Жұмат қақпаға дәл бағыттады. 34-минутта Йованович тағы да көкшетаулық команданы алға шығарды, алайда көп ұзамай Юрий Перцух есепті теңестірді. Кейін Дәурен Жұмат айып добынан тағы бір гол соғып, «Оқжетпесті» қайтадан алға шығарды.
СНХ: НҰРИСЛАМ ҚАЛЕЛ, ӘМІРХАН МҰХТАР – «ОҚЖЕТПЕС» ФУТБОЛ КЛУБЫ ЖАСТАР ҚҰРАМАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫЛАРЫ: Жалпы, маусым біз үшін жаман аяқталған жоқ, турнир кестесінің ортасындамыз. Маусымды сенімді бастаған едік, бірақ Ферапонтов кеткеннен кейін нәтижеміз сәл төмендеп қалды. Дегенмен, менің ойымша, жанкүйерлер маусымға риза болды. Барлығымыз ойындарда бар күшімізді салдық, әдемі футбол көрсеттік. Келесі маусымда бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенемін. Қазір Көкшетауда футболды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр, жаңа стадиондар салу жоспарлануда. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік, өйткені Көкшетауда талантты, жас ойыншылар көп. Бұл қаладағы футболдың дамуына үлкен серпін береді.
РКС: Екінші таймның 57-минутында Велджко Трифунович жеке шабуыл жасап, есепті қайта теңестірді. 78-минутта Дәурен Жұматтың белсенді әрекетінен кейін доп Мейрам Сапановтан өз қақпасына түсіп, есеп 4:3 болып «Оқжетпестің» пайдасына өзгерді. Кездесудің үздік ойыншысы болып екі голдың авторы және алаңдағы ең белсенді ойыншылардың бірі Дәурен Жұмат атанды. «Тұран» командасы чемпионатты соңғы орында аяқтаса, «Оқжетпес» 35 ұпай жинап, турнирлік кестеде сегізінші орынға тұрақтады.
СНХ: САМАТ МАМАШ, «ОҚЖЕТПЕС» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ЖАНКҮЙЕРІ: Өте жақсы матч болды. Ерекше атап өткім келетіні – Дәурен Жұмат, командамыздың бомбардирі. Сондай-ақ өз жерлесіміз Тимур Досмағамбетовты да айта кету керек. Былтыр бірінші лигада ойнадық, ал биыл Премьер-лигада жақсы нәтижеге қол жеткізіп, 8-орынды иелендік. Бұл өте жақсы нәтиже деп ойлаймын. Келер жылы Дәурен Жұмат сияқты ойыншылардың келісімшартын ұзарту қажет, сондай-ақ жас ойыншыларды да тарту керек. Келесі маусымда команда төртінші орынға көтеріліп, Еврокубоктарға шығуға тиіс. Көптен бері Еврокубокқа шықпадық қой. Біздің команда шабуылдармен ерекшеленеді, сондықтан жанкүйерлеріміз әр ойынды асыға күтеді. Бүгін де жеңіс біздің еншімізде деп сенемін.
РКС: «Оқжетпес» маусымды 35 ұпаймен сегізінші орында аяқтады. Чемпионат қорытындысы бойынша төрт қазақстандық клуб еуропалық турнирлердің іріктеу кезеңіне қатысу құқығын иеленді: «Қайрат» — Чемпиондар лигасында, ал «Астана», «Тобыл» және «Елімай» Конференциялар лигасында бақ сынайды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖАНДОС САЙЛАУ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ