ДИКТОР: Қазір көптеген жоғары сынып оқушылары өз болашағына қатысты нақты шешім қабылдай алмай, мамандық таңдауда қиналып жатады. Нәтижесінде оқу орнын тәмамдаған соң, таңдаған саласы көңілінен шықпай, өз орнын таба алмай жүрген жастар да аз емес. Бұл - қоғам алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай Жарқайың ауданында оқушылардың кәсіби бағытын айқындап, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру мақсатында арнайы семинар ұйымдастырылды. Державинск қаласындағы Николай Островский атындағы мектепте өткен шара жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізілді.

РКС: Семинарға ауданның мектеп мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары және кәсіби-техникалық оқу орындарының өкілдері қатысты. Шараға Ақмола облысы білім басқармасына қарасты Чаглинка ауылындағы Жоғары агротехникалық колледжі, Есіл агротехникалық колледжі мен Арқалық политехникалық колледжінің мамандары арнайы келді. Қатысушылар оқушыларға өз оқу орындарының артықшылықтарын таныстырып, түрлі мамандықтар мен қабылдау талаптары жөнінде жан-жақты мағлұмат берді. Сонымен бірге, мамандық таңдауда бағыт-бағдар ұсынып, пайдалы кеңестерімен бөлісті.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ ЖҰМАБАЕВА, АРҚАЛЫҚ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚУ ӨНДІРІСТІК ЖҰМЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Семинардың тақырыбы өте ауқымды. Сіз болып, біз болып осы мектеппен бірге әрі қарай балаларымызды қазіргі таңдағы сұранысы мол білікті мамандар даярлау жолында бірге қызмет атқарамыз деген сенімдеміз.

РКС: Айта кетейік, қазан айының басында Николай Островский атындағы мектеп аталмыш колледждермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Бұл келісім оқу орындарының байланысын күшейтіп, оқушыларға теориямен қатар практикалық дағдыларды меңгеруге жол ашады. Мұндай әріптестік кездесулер оқушылардың мамандықтар туралы түсінігін кеңейтіп, өз болашағын саналы түрде таңдауға ықпал етеді,-дейді мектеп директоры.

СНХ: РЫСКЕЛДІ ШЕГЕБАЕВА, Н.ОСТРОВСКИЙ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің мектеп – кәсіби мамандар мен оқушылар арасындағы тамаша тәжірибе алмасу алаңы. Сондай-ақ бізге Чаглинка мен Есіл ауылдарынан келген қонақтарымыз өздерінің кәсіби бағдар беру тәжірибесімен бөлісу үшін келді. Баршаңызды мектебіміздің қабырғасында қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің оқушылар үшін үлкен тәжірибе.

РКС: Семинар мазмұнды да іскерлік атмосферада өтті. Іс-шара қатысушыларға оң әсер қалдырып, Жарқайың ауданында кәсіби бағдар беру жұмысының жандануына және Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы бастамалардың жүзеге асуына серпін берді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ