ДИКТОР: Көкшетауда қаланың келбетін жаңарту және қысқы маусымға дайындық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев жұмыс сапары барысында жол және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайымен, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Бұған дейін қала тұрғындарына қолайсыздық тудырып келген өзекті мәселелердің бірі – Осипенко көшесіндегі су басу проблемасы шешімін тапты.
РКС: Осипенко көшесінде мердігер ұйым жергілікті сорғы станциясын және ағын суды бұруға арналған қосымша науаларды орнату жұмыстарын аяқтады. Айта кету керек, бұған дейін Осипенко мен Жүнісов көшелерінің қиылысында жауын-шашыннан кейін су жиналып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызатын.
СНХ: РИНАТ МИНКИН, СЕРІКТЕСТІК ӨКІЛІ: Арнайы сорғы станциясы орнатылды. Ол ағын суды жинап, сүзгіден өткізеді, содан кейін су сорғы орналасқан резервуарға түседі. Су деңгейі көтерілген кезде бір сорғы автоматты түрде іске қосылады, ал егер жиналған суды толық айдап үлгермесе – екінші сорғы қосылады. Осыдан кейін су науалар арқылы Қылшақты өзеніне бағытталады.
РКС: Бұдан соң қала әкімі көмір базасына барып, қысқы маусымға дайындық барысымен танысты. Жеткізушілердің мәліметінше, көмір қоры жеткілікті мөлшерде қалыптасқан. Баға тұрақты. Тұрғындарға отын жеткізу үзіліссіз жүргізілуде.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Көмір қоры норматив бойынша 36 мың тонна болса, бізде 57 мың тонна бар. Мазут қоры шамамен 5,5 мың тонна, бұл 40 тәулікке жетеді. Орталық жылыту жүйесі бойынша ешқандай қауіп жоқ, қазандықтар барлық техникалық паспорттарын алды. Нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес жылыту маусымына біртіндеп кірдік. Маусымға қажет 172 мың тонна көмірдің жартысын тұрғындар өздері сатып алған, ал қоймаларда шамамен 20 мың тонна көмір сақтаулы.
РКС:Отынмен қамтамасыз ету мәселесінен бөлек, коммуналдық қызметтердің қысқы көше күтіміне дайындығы да тексерілді. Биыл қала көшелеріне «Айсмикс» реагенті мен еленген құм төселеді. Қар тазалау бойынша келісімшарт жасаған мердігер ұйымдардың өкілдері барлық қысқы техниканың толық дайын екенін жеткізді.
СНХ: ТИМУР ЖАРАСБАЕВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ: Техника жағынан қысқы жұмысқа барлық арнайы техника дайын. Қар мен мұзды тазалау, жолдарды және қоғамдық жерлерді құм-тұз қоспасымен өңдеу сияқты жұмыстар толықтай механикаландырылған түрде жүзеге асырылады.
РКС: Қалада жүргізіліп жатқан жүйелі және жоспарлы жұмыстар тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ