ДИКТОР: Көкшетау қаласының №8 жалпы білім беретін мектебінде қалалық білім ошақтарының 7-ші сынып оқушылары арасында «Адал ұрпақ» мекеп клубтарының облыстық жиыны өтті. Бұл жолғы іс-шара куиз форматында ұйымдастырылып, оқушылар өз білімдері мен тапқырлықтарын сынады. Жиынның мазмұны мен маңыздылығы жөнінде тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
РКС: Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты моральдік қағидаттарды және отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту. Сондай-ақ жас жеткіншектердің бірлесе жұмыс істеу қабілетін арттырып, ойлау көкжиегін кеңейтуге және достық байланыстарын бекіте түсуге негіз болды.
СНХ: АМАНЖОЛ ҚҰСАЙЫНОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Бұл жоба Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау мақсатында жүзеге асырылуда. Аталған жұмыстың тұжырымдамасы 2022 жылы бекітіліп, алдағы бес жылға арналған. Жоба аясында ерекше назар білім беру саласына аударылған. Сыбайлас жемқорлық – бұл тек заң бұзушылық емес, ол қоғамдағы әділетсіздіктің айқын көрінісі. Сол себепті әрбір азамат бала кезінен адалдық – сенімнің бастауы, ал сенім – мықты да әділ мемлекеттің іргетасы екенін ұғынуы тиіс.
СНХ: ЭЛЕАНОРА ДАЛАБАЕВА, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ВОЛОНТЕР: Біз жастардың арасында, оқушылардың арасында сыбайлас жемқорлыққа деген мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Осы кезден бастап, мектеп кезінен бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасса, ол болашақта жемқорлыққа деген жолды апармайды деген үміттеміз. Қазіргі таңда бұл жерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтер ретінде келіп отырмыз.
РКС: Бұл додаға қаланың сегіз мектебінің командалары қатысты. Сайыс үш кезеңнен тұрды. Қатысушыларға заң саласы мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы сұрақтар қойылды. Олардың құқықтық сауаттылығы артып, заңға деген түсінігі тереңдеді.
Сонымен қатар тарих, география және басқа да бейіндік пәндер бойынша қызықты әрі ойландыратын тапсырмалар орындалды.
СНХ: ТАМЕРЛАН ОРАЛБЕК, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ-МЕКТЕП ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: 8-ші мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы куиз өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әдістер және де сонымен қатар қызықты тапсырмалар орындадық. Осының барлығын жасаған организаторларға үлкен рахмет. Осындай куиздар Көкшетау қаласында көптеген жасала берсін. Біз осы куизде тапсырмалар жасадық. Жұптық тапсырмалар. Интеллектуалдық, логикалық тапсырмалар.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды әл-Фараби атындағы IT-лицейінің «IQ-TEAM» командасы жеңіп алды. 2-орынды техникалық лицейдің «Адал ұрпақ» командасы еншілесе, 3-орын «ЭКОС» мектеп-гимназиясының «Стражи порядка» командасына бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы табысталды. Мектептегі «Адал ұрпақ» клубы – дұрыс жол көрсетіп, айналасына үлгі бола алатын, белсенді және жауапкершілікті сезіне білетін оқушыларды біріктіретін ұйым. Соның арқасында теріс әрекеттерге қарсылық жолы мектеп жасынан бастау алады. Айта кетейік, қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептердің барлығында «Адал ұрпақ» клубтары құрылған. Сондай-ақ жоғары оқу орны мен колледждерде «Саналы ұрпақ» клубтары жұмыс істейді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ