ДИКТОР: Ақмола облысының аумағында мыңдаған гектар жер иесіз жатқан. Кей аумақ әлдебіреулердің салғырттығынан пайдаланылмаса, енді бірі заңсыз берілген. Ал көптеген елдімекеннің тұрғындары жайылымдық жерге зәру. Жылдар бойы бос жатқан жерге осы уақытқа дейін неге ешкім назар аудармаған? Неге жер заңсыз үлестірілген? Сұрақ көп. Бүгінде прокуратура осы әділетсіздікке нүкте қойып, 5 миллиард теңгеден асатын 53 жер телімін мемлекет меншігіне қайтарды.
РКС: Жыл басынан бері прокуратура 42 тексеру жүргізіп, 44 қадағалау актісін енгізді. Оның қорытындысы бойынша лауазымды 9 тұлға жауапқа тартылды. Ең жиі анықталған заң бұзушылық жердің мақсатсыз пайдаланылуы мен заңсыз берілуі. Тек биылдың өзінде Ақкөл, Ерейментау, Жарқайың және Бурабай аудандарында жүздеген гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мәселен, Ерейментау ауданында «Стаханово-Агро» серіктестігі иелік еткен 5,5 мың гектар жер енді қоғамдық жайылымға берілді.
СНХ: МАРАТ БАҚТЫБЕКҰЛЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өздеріңіз білесіздер, Президент жер мәселесіне келгенде бәрі тең жағдайда болуын тапсырды. Яғни, жер телімдері заң бойынша тек аукцион арқылы, яғни ашық саудада берілуі тиіс. Тек ерекше жағдайларда ғана, заңда көзделген 15-тен астам тармақ бойынша, жерді аукционсыз беруге рұқсат етіледі. Соның бірі – инвесторларды тарту. Ал қалған барлық жағдайда жер тек әділ әрі ашық сауда арқылы үлестірілуі керек. Сондай-ақ, кей жағдайларда жер телімдерінің шекарасы өзгертіліп, тұрғын үйлерге тым жақын орналасқаны анықталған. Соның салдарынан тұрғындар аула аумағын абаттандырып, балалар немесе спорт алаңдарын орнату мүмкіндігінен айырылған. Біздің актілер мен тексеріс материалдарына сәйкес, мұндай учаскелер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Ал заңсыз шешім қабылдаған тұлғалар жауапкершілікке тартылады.
РКС: Сондай-ақ прокуратураның бастамасымен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлері де елге қайтарылып жатыр. Бұрын жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер заңсыз иеленген 300 гектардан астам жердің бір бөлігі қазірдің өзінде парк аумағына қайтарылды.
СНХ: МАРАТ БАҚТЫБЕКҰЛЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазір игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты нақты шаралар атқарылып жатыр. Ал игерілген учаскелер жеке тәртіппен қаралады. Яғни жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер қайтарылмайды. Тек олардың санатын өзгерту мәселесі заң аясында қарастырылмақ. Өйткені ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда тек табиғи парк қызметіне жататын жерлер ғана орналасуы тиіс. Одан басқасы заңға қайшы.
РКС: Облыс аумағында 15 миллион гектарға жуық жер бар. Соның 74 проценті – ауыл шаруашылығы мақсатындағы аумақ. Бұл – өңірдің негізгі байлығы мен экономиканың өзегі. Сондықтан жердің әр гектары халық игілігіне қызмет етуі тиіс. Заңсыз берілген әрбір жер телімі – мемлекеттің және халықтың мүддесіне қарсы әрекет. Прокуратураның жер саласындағы қатаң бақылауы – әділдік пен заң үстемдігінің дәлелі.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ