ДИКТОР: Көкшетауға Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев жұмыс сапарымен келді. Ведомство өкілі кездесуге келген қатысушыларға жаңа Салық кодексінің негізгі қағидаттарын және елде жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың басты бағыттарын түсіндірді.
РКС: Кездесу барысында кәсіпкерлік саласының, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері салық саясатының өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін арттыру және корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін саралау мәселелері қозғалды. Вице-министр Ерлан Сағынаевтың айтуынша, бұл жаңашылдықтар салық жүйесінің ашықтығын арттыруға және оның әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
СНХ: ЕРЛАН САҒЫНАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Өздеріңіз білетіндей, біз корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін саралауды көздедік. Жаңа Салық кодексінде әлеуметтік сала ұйымдары үшін бөлек мөлшерлеме белгілеу қарастырылған. Бұл - медицина, мәдениет және білім беру салалары. Келер жылдан бастап аталған бағыттар үшін корпоративтік табыс салығы 5 процент мөлшерінде белгіленеді. Ал 2027 жылдан бастап бұл көрсеткіш 10 процентке дейін өседі. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін бұрынғыдай 3 процент деңгейінде қалады. Қазір агроөнеркәсіп кешеніндегі корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесі 10 процент. Осыған дейін қолданылып келген 70 проценттік жеңілдікті ескере отырып, жаңа Салық кодексінде біз бұл саланың мөлшерлемесін тұрақты түрде 3 процент көлемінде бекіттік. Яғни, аграрлық сектор үшін жеңілдікті сақтап қалдық.
РКС: Азық-түлік нарығындағы жағдайға да ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі елімізде азық-түлік өнімдері өндірісінің 10 процентке артқанын атап өтті. Елде сусындар, ет консервілері, күнбағыс және сары май, шұжық өнімдері мен сүт өнімдерінің өндірісі көбейген. Сонымен қатар, кездесу барысында импорттық көкөністердің бағасын қалыптастыру және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу шаралары талқыланды.
СНХ: НАРИМАН ІЛИЯСОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ: Биыл баға айтарлықтай өсті. Маусымаралық кезеңде, өздеріңіз білетіндей, елімізде көкөніс өндірісі болмайды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды біз алдын ала жүргіздік. Өткен жылдан сабақ алдық деуге болады. Келер жылға барлық өңірлер дайын, қажетті қорлар бар. Сонымен қатар сиыр еті бағасын төмендету мақсатында Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, делдалсыз тікелей ет жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара бағаны тұрақтандыруға және қажетсіз делдалдарды болдырмауға бағытталған.
РКС: Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, министрлік өкілдерінен толыққанды жауап алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары мемлекет пен халық арасындағы өзара байланыстарды нығайтып, жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларға деген сенімді арттыруға ықпал етеді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ