ДИКТОР: Жыл басынан бері аумақтық инспекция 500-ден астам рейдтік тексеру жүргізіп, табиғатты қорғауға қатысты заңнаманың бұзылғанын анықтады. Аймақта орманшылар мен құқық қорғау органдары жануарлар дүниесін қорғау, орман алқаптарын бақылау және табиғатқа келтірілген зиянды дер кезінде анықтау бағытында бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.

РКС: Қазір табиғатқа зиян келтіргендерге заң күшейтілді. Табиғат жанашырлары мен орманшылар қорық аймақтары мен орман алқаптарын тәулік бойы бақылауда ұстайды.

СНХ: ДІНӘЛІ АЙТҚОЖИН, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Жыл басынан бері инспекция 524 рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде жануарлар дүниесін қорғау саласында 51 заң бұзушылық анықталды. Заңды бұзған тұлғаларға 372 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар табиғатқа келтірілген шығын 324 мың теңгеге бағаланып, өтемақы өндіріліп алынды.

РКС: Браконьерлікпен қатар, инспекция ормандағы ағаштардың заңсыз кесілуін де жіті қадағалап келеді. Биыл осындай 27 дерек тіркелген.

СНХ: ҚАДЫР ШӘЙМЕРДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Қылқан жапырақты ормандарды қорғау бойынша 18 рейд өткіздік. Облыстың барлық ауданында мобильді 2 топ тәулік бойы жұмыс істейді. Олар құқық қорғау органдарымен және табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп патрульге шығады. Жыл басынан бері 114 заң бұзушылық анықталып, оның 77-сі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

РКС: Браконьерлікпен күресте инспекция заманауи технологияларды тиімді пайдаланады. Тепловизор мен әуеден бақылауға мүмкіндік беретін дрондар шалғай аумақтағы заңсыздықтарды жедел анықтауға көмектеседі. Бұл табиғи ресурстарды сақтап, құқық бұзушылықтарды дер кезінде тіркеуге зор сеп болып отыр.

СНХ: ВАЛЕНТИНА СЕРКИНА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Соңғы екі жылда дрондарды рейд барысында белсенді қолданып келеміз. Құрылғы арқылы заңсыз ағаш кесу, құжатсыз балық аулау, рұқсатсыз аңшылық жасау фактілері тіркеледі. Жыл басынан бері облыс аумағында табиғат қорғау заңнамасының 900-ден астам бұзушылық дерегі анықталды. Сондай-ақ тұрмыстық қалдық полигондары мен заңсыз қоқыс үйінділері аумағындағы бұзушылықтарды да дрон көмегімен бақылап, анықтаймыз

РКС: Орман сақшыларының бірлескен жұмысы браконьерлікпен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Тұрақты рейдтер табиғатқа төнген қауіптің алдын алып, өңірдің табиғи ресурстарын сақтауды қамтамасыз ете бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ