ДИКТОР: Ақмола облысында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға айырықша мән берілуде. Өңір аумағында жұмыс істейтін өнер мектептері, шығармашылық үйірмелер мен мәдени орталықтар өскелең ұрпақтың қабілетін ашып, олардың зияткерлік және шығармашылық мүмкіндіктерін жан-жақты дамытуға зор мүмкіндік туғызып отыр. Осы бағыттағы жетекші мекеменің бірі – Көкшетау қаласындағы «BOLASHAQ SARAIY».
РКС: Аталған ғимарат балалар мен жасөспірімдерге арналған медиа, шығармашылық, спорттық, инженерлік-техникалық бағыттар, сондай-ақ педагогикалық-психологиялық қызметтер бойынша кешенді білім мен тәрбие береді. Болашақ сарайында 100-ден астам үйірме бар. 238 топ жасақталған. Онда 3 мыңнан астам тәрбиеленуші өз қызығушылықтары мен қабілеттеріне сай білім алуда.
СНХ: АРАЙЛЫМ ҚУАНДЫҚОВА, «BOLASHAQ SARAIY» МЕКЕМЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ ОҚУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл жерде «Гүлдер» би ансамблі, «Болашақ», «Тұмар» би ансамблі, «Фантазия», «Экспрессия» сурет студиялары жұмыс атқарады. Одан кейін қыш құмыра жасау, домбыра, қобыз үйірмелері бар, пианино, фортэпиано үйірмесі бар. Бишілеріміз Түмен, Қазан, Мәскеу, Ташкент халықаралық байқауларында қатысып гран-при ұтып жүр. Домбырашыларымыз бен жас әншілеріміз «Dubai Star» халықаралық байқауында гран-приді жеңіп алып, Парижге жолдама алған болатын. Одан кейін «Super star fest» байқауында «Құлагер» ансамблі гран-при иегері атанды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Балаларға арналған үйірменің бірі – «Жылдам оқу». Оқу тобы жас оқырмандардың тілдік және танымдық қабілетін дамытатын тиімді алаңға айналып отыр. Қазір 3 топта 30 оқушы жүйелі түрде оқу дағдыларын жетілдіруде. Үйірме балалардың кітапқа қызығушылығын арттырып, оқу сауаттылығын қалыптастыруға және жан-жақты дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар қыз балаларға арналған «Шебер қолдар» студиясы жұмыс істейді. Сәндік-қолданбалы өнер студиясы – шығармашылық қабілетті дамытып, қиялға қанат бітіретін ерекше орын. Мұнда әр бала түстер мен текстураларды зерттей отырып, бірегей туындылар жасайды. Сабақ барысында табиғи жүнмен, киіз басу, түкті кілем тоқу, бисер мен моншақпен жұмыс жасау сияқты дәстүрлі және заманауи әдістерді меңгереді. Сондай-ақ жүннен жасалатын акварель, гобелен, кілем және картиналар сияқты күрделі жұмыстарды орындайды.
СНХ: ӘМИНА АХМЕТҚАЛИЕВА, «ШЕБЕР ҚОЛДАР» СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР СТУДИЯСЫНА ҚАТЫСУШЫ: Мен бірінші сынып оқимын. Мен вокал, қолөнер, фортепианоға барамын. Қазір мен қолөнерде. Қазір мен сухое валяние істеп жатырмын. Мында көп-көп бар. Мокрое валяние, сухое валяние, көп-көп бар. Қазір мен істеп жатырмын гүл, сухое валяние. Бвр екі валяние. Мокрое валяние, сухое валяние. Мокрое сумен істейді, а сухое валяние иголкамен істейді. Маған қолөнер ұнайды. Мен көп-көп жұмыс істеймін.
РКС: Бөлімдегі тағы бір шығармашылық топ «Қыш өнері». Үйірме мекеме ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда балалар балшықпен жұмыс жасап, қыш ыдыстар мен мүсіндер жасауды үйренеді, шығармашылық талғамын дамытады.
СНХ: АЙСҰЛТАН ҚАЖЫМОВ, «ГОНЧАРНОЕ ИСКУССТВО» ҮЙІРМЕСІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Мен қыш өнері үйірмесіне қатысамын. Мұнда келіп жүргеніме жарты жыл болды. Бізге мұғалім саздан түрлі мүсіндер мен вазалар жасауды үйретеді. Бұл үдеріс маған өте ұнайды. Бұл үйірме өте қызықты, себебі өз қолыңмен жасаған жұмысыңды кейін сатып алып, тамашалауға мүмкіндік бар.
РКС: Ғимараттың ішкі көрінісін тамашалағанда көзге бірінші болып «Экспрессия» және «Фантазия» көркем сурет студияларының жұмыстары түседі. Қабырғалардағы түрлі-түсті суреттер балалардың қиялын қанаттандырады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ