ДИКТОР: Көкшетауда Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы шығарылды. Салтанатты шара барысында «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатында өңір намысын қорғап, жүлдегер атанған Ақмола облысының құрамасы марапатталды.

РКС: Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы еліміз үшін ерекше маңызға ие. Шара барысында аймақ басшысы Марат Ахметжанов аталған жыл аясында атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған бастамаларға тоқталып, «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сертификаттар табыстады. Сондай-ақ, кәсіби маман даярлауға үлес қосқан білім беру ұйымдары мен серіктестіктер Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгінгі заманның басты қаһарманы ол –еңбек адамы. Ақмола облысы ол –шеберлік аймағы мәртебесіне нақты іспен дәлелдеді. Еліміздің аграрлық-индустярилық кадр даярлау басты локомотивке айналды. 24 колледжде дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, 6 мыңға жуық оқушы қамтылды. Индустриялық кеңестер құрылып, 700-ден астам кәсіпорынмен әріптестік орнатылды. «Жастар еңбек жасақтары» бағдарламасы аясында облыс бойына 1,5 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды. Бұл жасақ нақты өндіріс аймағына еңбек етіп, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Астанада өткен ауқымды додаға еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам колледж студенті қатысты. Сайыс 45 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылып, Ақмола облысының студенттері соның 42-сі бойынша бақ сынады. Олар IT-технологиялар, инженерлік мамандықтар, құрылыс, дизайн және өзге де бағыттарда кәсіби шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде өңір құрамасы 3 алтын, 6 күміс, 6 қола медаль және 14 шеберлік медальонын иеленді. Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – еңбек нарығына сұраныс пен технологиялық трендтерге сай 15 жаңа құзыреттіліктің енгізілуі.

СНХ: ҚЫМБАТ ҚҰСАЙЫНОВА, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы біз үшін айрықша әрі маңызды кезең болды. Біз республикалық чемпионатта флористика құзыреттілігі бойынша бас жүлдені жеңіп алдық. Менің ойымша, бұл жыл бекер өткен жоқ, мемлекеттік қолдаудың арқасында біз осындай нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Сонымен қатар, биыл флористика республикалық чемпионаттың ресми құзыреттіліктер қатарына қосылғанын атап өткім келеді. Алдағы уақытта шеберлігімізді жетілдіріп, жаңа жетістіктерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.

РКС: Ал Ильяс Гатин – «WorldSkills Kazakhstan–2024» чемпионатының күміс жүлдегері. Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенті жуырда халықаралық «BRICS Skills» байқауында жасанды интеллект бағыты бойынша алтын медаль иеленді. Айта кетейік, бұл халықаралық додаға Конго, Камерун, Оңтүстік Корея, Жапония сынды елдердің үздік жастары қатысқан.

СНХ: ИЛЬЯС ГАТИН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ BRICS SKILLS БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Әрине, бұл оңай болған жоқ, өйткені жарыс халықаралық деңгейде өтті, тапсырмалар өте көп және күрделі болды. Қарсыластарым да мықты әрі тәжірибелі еді. Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 70 қатысушы келіп қатысты. Қазіргі таңда жасанды интеллект – болашағы зор сала. Ол технологиялық прогрестің ең алдыңғы қатарында тұр және өмірдің барлық саласына әсер етіп келеді. Сондықтан мен осы бағытты таңдадым

РКС: Енді аталған чемпионат жеңімпаздары Қазақстанның ұлттық құрамасы сапына қосылып, келер жылы Қытайда өтетін халықаралық байқауда ел намысын қорғамақ. Шара соңы концерттік бағдарламамен түйінделді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ