ДИКТОР: Көкшетау қаласының жастар ресурстық орталығы жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. «Жастардың жеті қазынасы» атты жастар форумы аясында қала жастарының қоғамдық өмірге белсене араласуы, әлеуметтік бастамалар мен еріктілік қозғалысына қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Шара барысында түрлі бағытта белсенділік танытқан волонтерлер мен шаһардың үздік жастары марапатталды.
РКС: «Жастардың жеті қазынасы» жастар форумы – игі дәстүрге айналған ауқымды алаң. Бұл маңызды шара биыл 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қазір Көкшетауда ресми түрде тіркелген волонтерлік 12 ұйым бар. Аталған форум осы ұйымдардың бір жыл бойы атқарған еңбегін саралап, қоғамдық өмірге қосқан үлесін бағалап, белсенді волонтерлердің жұмысын қорытындылады.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ТЕМІРЛАН МЕҢДІБАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен үздік жастар ісі жөніндегі комитет өткен. Осы байқауда жүлделі 3 орынға ие болған жеңімпаздарды және жыл еріктісі атанған студенттер бар, соларды марапаттаймыз. Жыл еріктісі 4 бағытқа бөлінген. Үздік ардагер ерікті, үздік волонтерлік ұйым, жас ерікті және жыл еріктісі-2025.
РКС: "Жыл еріктісі-2025 " атағына ие болған Баймұрат Сексенбек. Ол Көкшетау жоғары медициналық колледжінің 3 курс студенті. Басты миссиясы – адамдарға көмек көрсету, қиын сәтте қолдау білдіру. Екі жылдан астам волонтерлер қозғалысының бел ортасында жүріп, түрлі әлеуметтік және қайырымдылық бастаманың жүзеге асуына белсене атсалысып келеді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: БАЙМҰРАТ СЕКСЕНБЕК, ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ВОЛОНТЕРІ: Оқудан тыс уақытымызда қарт адамдарға үй жағдайында, қысқы уақытта қар тазалап беруге көмектесеміз. Су тасқыны кезінде де біздің еріктілер ерекше күш салып өз көмектерін көрсетті. Көкшетауда ғана емес, Щучинскке, тағы басқа қалаларға дейін барып көмегімізді аямадық. Бұл жас ұрпаққа үлкен тәжірибе деп ойлаймын. Өзім ризамын. Бүгін жыл бойы жасаған еңбегімді бағалап жыл еріктісі аталып отырмын. Бәріне алғысымды білдіремін.
РКС: Бұл кеш жастардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, олардың қоғам дамуына қосқан сүбелі үлесін айшықтаған тағылымды шараға айналды. Өз саласында үздік деп танылған жастарға көрсетілген қолдау мен құрмет олардың алдағы уақытта жаңа асуларды бағындырып, биік белестерге ұмтылуына тың серпін берері сөзсіз.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ